Әлеумет және қоғамБілімЖаңалықтар

1 қыркүйектен бастап оқушыларды қандай жаңашылдықтар күтіп тұр?

Жаңа оқу жылында қазақстандық мектептерде жасанды интеллект енгізіліп, «Жеке қауіпсіздік» курсы іске қосылады. Сонымен қатар оқушылардың психологиялық әл-ауқатын бақылауға арналған цифрлық диагностикалық платформа жұмысын бастайды.

Қазақстанда жаңа оқу жылынан бастап мектеп оқушылары үшін бірқатар жаңашылдық енгізіледі. Бұл туралы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова 28 тамызда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Qandastar.kz тілшісі.

Вице-министрдің айтуынша, биылғы оқу жылындағы негізгі өзгерістердің бірі – білім беру процесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу. Осыған байланысты «Цифрлық сауаттылық» пен «Информатика» пәндерінің атаулары да жаңартылады.

2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 шағын жинақты мектепте жасанды интеллектіні пайдалануға бағытталған пилоттық жоба басталады. Жоба ең алдымен қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасы айырмашылығын азайтуды көздейді.

Пилоттық кезеңде бастама 500 шағын жинақты мектепті қамтиды. Ал 2029 жылға дейін оны Қазақстандағы барлық 2600 шағын жинақты мектепке кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда еліміздегі 8 мыңнан астам мектепте 4,1 млн оқушы білім алуда. Биыл мектеп табалдырығын алғаш рет 380 мың бала аттайды. Ал 11-сыныпта 227 мың оқушы оқиды. Өткен оқу жылында 230 мыңнан астам түлек мектеп тәмамдаған.

Сонымен қатар жаңа оқу жылынан бастап 5–11-сынып оқушылары үшін «Жеке қауіпсіздік» курсы енгізіледі. Оның мазмұны әлеуметтік-эмоциялық дағдыларды қалыптастыруға және балалардың түрлі өмірлік қиындықтарға төтеп беру қабілетін дамытуға бағытталған.

Курс 5–8-сыныптарда төрт аптада бір рет, ал 9–11-сыныптарда екі аптада бір рет өткізілмек.

Бұдан бөлек, мектептерде бірыңғай мемлекеттік цифрлық диагностикалық платформа іске қосылады. Оның көмегімен оқушылардың жағдайын тұрақты бақылау, тестілеудегі формалды тәсілдерді азайту және балаларға қажетті қолдауды үздіксіз ұйымдастыру көзделген.

Министрлік мәліметінше, бұл жұмыс Ұлттық білім беру дерекқорын «Балалардың психологиялық әл-ауқаты» бағыты бойынша жаңғырту аясында жүргізіледі.

Сондай-ақ қазақстандық мектептерде сабақ кезінде смартфон қолдануға шектеу қойылды. Оқу-ағарту министрлігі осыған байланысты бірыңғай талаптарды әзірлеген. Дегенмен жаңа ережелердің нақты қалай жүзеге асатынына қатысты оқушылар мен ата-аналар тарапынан әлі де сұрақтар бар.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button