1 желтоқсаннан Қазақстанда жеке тұлғаларға арналған автолизинг бағдарламасы басталады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, Respublica партиясының мүшесі Олжас Құспеков айтты, деп жазады qandastar.kz
Автолизинг азаматтарға көлікті ұзақ мерзімге жалға алып, кейін сатып алу немесе кері қайтару мүмкіндігін береді. Жаңа құрал жеңілдетілген автонесиеге балама ретінде қарастырылып отыр.
Бағдарламаны Сауда және интеграция министрлігі әзірлеп, «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарды. Депутат Құспековтің айтуынша, Respublica партиясы автолизинг жүйесін енгізу идеясын 2023 жылы ұсынған.
Үкімет автолизингті ішкі сұранысты ынталандыру және отандық автөнеркәсіпті қолдау құралы ретінде қарастырады.



