Қаржыгер Рүстем Айдарбеков өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында оқырманының басынан өткен оқиғамен бөлісті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Айтуынша, оған баланың әкесі хабарласып, көмектесуін өтінген.
Ер адам «Kaspi GOLD» банк картасын TikTok әлеуметтік желісіне байланыстырып қойған.
10 жастағы ұлы ұялы телефонын алып, ойын көшіретінін айтқанда күмәнданбаған.
Алайда ұлы абайсызда 1 млн теңгені TikTok-қа аударып жіберген.
Kaspi Bank бұл жазбаның астында пікір қалдырды.
«Мұндай жағдайларда, әсіресе құрылғыны бала пайдаланатын болса, карта деректерінің қауіпсіздігіне мұқият қарау өте маңызды. Бұл бейнемен бөліскеніңізге рақмет — мұндай тәжірибе басқа ата-аналар үшін де пайдалы болуы мүмкін.
App Store дүкенінде кез келген банктің картасымен төлем жасауға болады, егер ол аккаунтқа тіркелген болса. Егер Kaspi Gold картасы қолданылса, күтпеген төлемдердің алдын алу үшін қосымша қауіпсіздік шараларын алдын ала орнатуға кеңес береміз:
— Kaspi.kz қосымшасында интернет арқылы төлемді шектеу немесе өшіру:
Жеке Банк → Kaspi Gold → Әрекет → Интернетте төлеу.
— Балаларға арналған Kaspi Gold картасын ресімдеп, интернет арқылы төлемге лимит орнату:
Балаға арналған Kaspi Gold → Балаға Kaspi Gold ресімдеуді басыңыз.
— Орнатылған лимитті кез келген уақытта Kaspi.kz қосымшасында өзгертуге немесе өшіруге болады:
Жеке Банк → Балаға арналған Kaspi Gold», — делінген мәлімдемеде.



