Жаңалықтар

11 миллион: Медуниверситеттің ректоры алған парасын мұздатқышта сақтаған

Фото: ашық дереккөз

Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің бұрынғы ректоры Асет Қалиев қайырымдылық көмекті жеке пайдаға айналдырмақ болды. Алматы облысындағы Іле аудандық соты оны ірі көлемде пара алғаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырды, деп жазды qandastar.kz

Басты рөлдерде: шенеунік пен кәсіпкер
51 жастағы Асет Қалиевке қойылған айып – пара алу, ал 60 жастағы кәсіпкер Инесса Мутурганова – пара беру бабымен сотталды. Тергеу мәліметтеріне қарағанда, Қалиев 2022 жылдың күзінде ректор болып тағайындалысымен-ақ, онкологиялық науқастарға арналған оңалту бөлімшесін жабдықтау жобасын коммерциялық схемамен іске асыруды бастаған.

Қайырымдылық па, келісілген бизнес пе?
Ол «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы 249 миллион теңге көлемінде қайырымдылық қаражат алуға қол жеткізіп, бұл қаржыны кәсіпкер Мутургановаға қарасты компаниялар арқылы игеруге жағдай жасаған. Медициналық құрал-жабдық жеткізуді оның бірнеше компаниясы жеңіп алған. Нәтижесінде 196 миллион теңгенің келісімшарттары рәсімделіп, университет тарапынан 182 миллион теңгеден астам қаржы аударылған.

Алайда қаржы кешіге бастағанда, кәсіпкер 2024 жылдың 28 мамырында Ақтөбеге келіп, Қалиевке 11,64 миллион теңге пара беріп ұсталған. Тінту кезінде бұл сома экс-ректордың үйіндегі мұздатқыштан табылған.

Айыптауды жоққа шығарғанымен, дәлел жеткілікті болды
Сот барысында екі тарап та кінәсін мойындамады. Дегенмен, куәгерлердің айғақтары мен қаржылық құжаттар, жазбаша хат-хабарламалар және аудиожазбалар арқылы кінә дәлелденді. Сот үкімімен Асет Қалиев 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды.

 

Back to top button