Жаңалықтар

12 жасар қыздың ішінде 7 айлық бала бар: Қызды әкесінің екі інісі кезекпен зорлап келген

Фото: ашық дереккөз

Жастары 40-қа тақаған жамбылдық ағайынды педофилдер алты жыл бойы туған ағаларының 2012 жылғы қызын зорлап келген, деп жазады qandastar.kz Smartnews.kz басылымына сілтеп.

Жамбыл облысының Мойынқұм ауданына қарасты ауылдардың бірінде 12 жастағы қызды туған әкесінің екі інісі алты жыл бойы зорлап келген. Ақыр аяғы қыз бала жүкті боп қалған. Қазір ол жүктіліктің жетінші айында.

Аяғы ауыр қыз бала осы уақыт аралығында сабақтарынан қалмаған, ал мектептегілер қыздың екіқабат екенін тіпті байқамаған боп шықты.

Orda.kz басылымы қыздың туыстарымен тілдескен. Белгілі болғандай, балаға құмартқан қаскөй ағайындылардың бірі 37, ал екіншісі 35 жаста көрінеді.

Одан бөлек күдіктілердің бірі әлі де бостандықта қашып жүрген көрінеді. Сол үшін де қыздың нағашылары жиенінің өмірі үшін қатты алаңдаулы. Олар «зорлықшы құдаларының» қызға қысым көрсетуін, оны одан әрі қорқытуын жалғастыра ма деп қорқады. Полиция ҚР Қылмыстық Кодексінің 120-бабының 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы хабарлаған еді. Аталған бапқа мән берсек, егер күдіктілердің қылмыстары дәлелденсе, кінәлілер кәмелетке толмаған баланы бірігіп зорлап келгені үшін еліміздегі ең ауыр жазаға тартылады. Яғни олар — өмір бойына бас бостандығынан айырылады.

«Қылмыс жасады деген екі күдікті анықталды. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде полиция қызметкерлері бір күдіктіні ұстап, оны тұтқындады. Ал екінші күдікті іздестіріліп жатыр. Оны ұстау үшін барлық қажетті шараларды қолданып жатырмыз. Сондай-ақ мектеп қызметкерлеріне қатысты оқушының өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін ҚР ҚК 141-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды», — деп түсіндірді полиция.

Қазіргі уақытта жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Қылмыстық іс полиция департаменті басшылығының бақылауына алынған.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close