Жетісу облысында ҰБТ-дан жоғары балл жинаған бірқатар түлектер мемлекеттік білім грантын ала алмай, олардың ата-аналары Ғылым және жоғары білім министрлігіне көмек сұрап жүгінді. Олардың арасында «Алтын белгі» иегерлері де бар. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Информбюро порталына сілтеп хабарлады.
Солардың бірі – мектепті «Алтын белгімен» тәмамдап, ҰБТ-дан 120 балл жинаған Жансая Шаму. Ол шет тілі мамандығы бойынша бес жоғары оқу орнына құжат тапсырғанымен, грант иегері атана алмады.
Түлектің анасы қызының оқу үлгерімі мен жоғары нәтижесіне қарамастан, ақылы бөлімде білім алуға мәжбүр болғанын әділетсіздік деп санайды.
Осындай жағдайға тап болған талапкерлер Жетісу облысында оннан асады. Барлығы мектепті үздік бітіріп, ҰБТ-дан жоғары ұпай жинағанымен, мемлекеттік грантқа қол жеткізе алмаған.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл талапкерлер негізінен шет тілі мен медицина бағыттарын таңдаған. Аталған мамандықтар бойынша бәсеке өте жоғары әрі грант саны шектеулі болғандықтан, жоғары балл жинағандардың өзі конкурстан өте алмауы мүмкін.
Сондай-ақ ведомство өкілдері ҰБТ нәтижесі тек конкурсқа қатысуға мүмкіндік беретінін, ал нақты өту балы талапкерлердің саны мен олардың нәтижесіне қарай қалыптасатынын түсіндірді. Ұпайлары тең болған жағдайда заңда белгіленген басымдықтар, соның ішінде «Алтын белгі» иелеріне берілетін артықшылықтар ескеріледі.
Ата-аналардың айтуынша, ақылы оқу құны көптеген отбасы үшін ауыр. Университеттердегі жылдық оқу ақысы шамамен 750 мың теңгеден басталып, кей оқу орындарында 1 миллион теңгеден асады.
Министрлік грантқа түсе алмаған талапкерлерге жоғары оқу орындарының ішкі гранттарына құжат тапсыруға мүмкіндік бар екенін атап өтті. Биыл қазақстандық университеттер екі мыңнан астам қосымша білім грантын ұсынған.



