Жаңалықтар

120 теңге: Алматы мәслихаты қоғамдық көлікте жол жүрудің жаңа тарифін мақұлдады

Фото: inbusiness.kz

Алматыда қалалық Мәслихаттың кезектен тыс XXI сессиясы кезінде қоғамдық көліктің құнын 120 теңгеге көтеру туралы шешім қабылдады, деп хабарлады Qandastar.kz.

Алматы қаласы Мәслихатының депутаты, Құрылыс, сәулет, урбанистика және жер қатынастары жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов бұл өзгерістің себебін түсіндірді.

– Бізде субсидия рекордтық көрсеткішке жетіп отыр. Биыл тасымалдаушы компанияларға бөлініп отырған 97 млрд теңге Қызылорда, Талдықорған сынды облыстық маңызы бар қалалардың бюжетімен бірдей. Тариф пен субсидия мұндай бағытта жүре беретін болса, басқаруға келмейтін процесстерге алып келуі мүмкін. Сондықтан біз тариф бағасын біртіндеп көтеріп отырудан ешқайда кете алмаймыз. Біріншіден, жергілікті бюджетке түсетін жүктемені азайтуымыз керек. Бірақ бұл шағын өсім халықтың әлеуметтік осал топтарына әсер етпейді. Бүгінгі дейін кім тегін жүрсе, олар әрі қарай да тегін жүре береді, кімнің 50% жеңілдігі болса, бұл жеңілдік оларда қалады. Жолақының құны қаланың барлық бөлігінде, барлық маршруттарға бірдей. Адам 70 шақырым жүріп өтсе де, осы 120 теңгені төлейтін болады. Айлық жол жүру ақысы 7200 теңгеден 9900 теңгеге көтерілді, – деді ол.

Мәслихат депутаты қолма-қол төлем жасау мүмкіндігінің неліктен алынып тасталғанын да түсіндірді. Төлемнің қолма-қол жасалуы – жүргізушілердің жұмысын жеңілдетеді, оларды алаңдау себептерін азайтатынын айтты.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Шоқанов тарифтердің көтерілуін қолдайтынын айтты.

Мәслихат депутаттарының алдында сөз сөйлеген қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев былтыр тамызда жол жүру тарифі 11 жылда алғаш рет 100 теңгеге дейін көтерілгеніне қарамастан, жол ақысын төлеуден түсетін күнделікті түсімдер автобустарды жөндеу, қосалқы бөлшектер мен шығын материалдарын сатып алу сияқты тасымалдаушылардың барлық шығындарын өтемейтінін атап өтті.

«Жыл сайын автобустарға, қосалқы бөлшектерге және өзге де шұғыл шығыстарға бағаның өсуі тіркелуде. Қосалқы бөлшектерді уақтылы сатып алу мүмкін емес, ал бұл жолаушылар тасымалының сапасына теріс әсер етуде. Соның салдарынан қала тұрғындары әділ шағымдар жасайды. Әкімдік пен жеке тасымалдаушылар жылжымалы құрамды үнемі жаңартып отыру және жұмыс істеп тұрған автопаркті сапалы күтіп ұстау үшін орасан зор қаражат бөлуге мәжбүр», – деді Сағындық Телібаев.

 

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close