Тергеу деректеріне сәйкес, «S-Group» өзін Ұлыбританияда тіркелген инвестициялық қор ретінде таныстырып, Forex нарығында сенімгерлік басқару, майнинг, сондай-ақ SWP және SWCT атты ішкі криптотокендермен сауда жүргізу қызметтерін ұсынған. Компания салымшыларға ай сайын 15–20%, ал жылдық табысты 120–180% деңгейінде уәде еткен.
Инвестициялық қызметтің заңды түрде жүргізіліп жатқандай көрінуі үшін қатысушыларға компания сайты арқылы жеке кабинетке қолжетімділік берілген. Онда виртуалды депозиттер, «табыстың өсуі» және есептелген қаражат көрсетіліп отырған.
Алайда іс жүзінде салымшылардың ақшасы инвестицияланбаған. Тергеу барысында қаражаттың күдіктілердің жеке қажеттіліктеріне жұмсалғаны анықталды. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 136 млн теңгеден асты.
Күдіктілерге қатысты елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.



