Жаңалықтар
«Баталов жетелеп келген…» – Алматы облысындағы ең бай ауданның әкімі не үшін ұсталды?
Фото: nege.kz
Алматы облысы Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаевт ұсталды. Алматы облысындағы ең бай әрі үлкен ауданның әкімі неден жазықты болды? Ресми тағылған айыптың бейресми астары бар ма?, – деп хабарлайды qandastar.kz nege.kz-ке сілтеме жасап.
Алматы облысының прокуратурасы Б.Қарасаевтың ұсталуының себебін былай түсіндірді: «Алматы облысының прокуратурасы мен облыстық Жемқорлыққа қарсы қызмет Іле ауданындағы қоқыс полигонына қатысты бірлескен тексеруді аяқтады. Жедел тергеу шараларының нәтижесінде 2024 жылдың 3 қыркүйегінде ҚР Қылмыстық-процесуалдық кодексінің 128-131 баптарына сәйкес жемқорлық күдігі бойынша әкім Қарасаев ұсталды. Оған кәсіпкерлікпен заңсыз айналысты, қызмет өкілеттігін асыра пайдаланды, мемлекет мүддесіне зиян келтірді деген айыптар тағылды».
Өңірдегі ең үлкен қоқыс полигоны Іле ауданында орналасқан. Полигонның аумағы 40 гектарға жуық. Бұл жердің «сыздауыққа» айналғанына біраз болған. Онсыз да сасып жатқан полигоннан 2020 жылы өрт шықты. Қырсыққанда, дәл сол күндері жел күшейіп, «Қазавиақұтқару» АҚ-ның тікұшағын шақырып, өртті әупіріммен әрең сөндіргені есте. Қоқыс полигонының маңайында тұратын бірнеше мың халыққа обал-ақ. Көктем шығып күн жылт еткеннен-ақ қолқаны қабатын сасық иістен бөлек, бұл полигон онсыз да екі өкпесінен демалып тұрған Алматының экологиясын одан әрі бүлдіріп жатыр.
Қоқыс полигонын әлдекімдердің бизнеске айналдырып алғаны туралы гу-гу жұрт аузында бұрыннан жүр. Олар қоқыстан ақша жасау үшін шетелдік мигранттарды да заңсыз пайдаланатыны ешкімге құпия емес. Мәселен биылғы жылдың басында Алматы облыстық полиция департаменті «Мигрант» жедел шарасын жүргізіп, Іле ауданындағы қоқыс полигонында заңсыз жұмыс істеп жүрген 40 шетелдікті анықтаған.
Бұл туралы облыстық ПД бастығы Бауыржан Әленов былай деп мәлімдеді: «Қоқыс полигонында көрші республикалардың азаматтары заңсыз жұмыс істеген. Олардың жеке басын анықтау үшін Іле аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Жеке бастары анықталған соң заңға сәйкес әкімшілік жауапқа тартылады».
Қоқыс полигонын заңсыз бизнес жасап алғандардың «жеке басы» әлдеқашан анықталып қойғаны анық. Бірақ осы уақытқа дейін олардың НЕГЕ жауапқа тартылмай келгені түсініксіз.
Бағдат Қарасаев Алматы облысындағы ең бай Іле ауданын 2018 жылдан бері басқарып келді. Оған дейін Қарасаев Алакөл ауданының әкімі, Алматы облысы әкімінің аппаратының жетекшісі, Талдықорған қаласының әкімі, Алматы облысы әкімінің кеңесшісі болды. 2022 жылы Жетісу облысының әкімдігіне кандидат болғанын да білеміз.
Алматы облысының жағдайымен жақсы таныс тұрақты оқырманымыз Бағдат Қарасаевты осы уақытқа дейін кешегі әкім, бүгінгі зейнеткер Амандық Баталовтың «жетелеп келгенін» айтады.
– Қарасаевтың өмірбаянын қарасаңыз, ол жоғары лауазымды қызметтердің бәрін Амандық Баталов Алматы облысының әкімі болып тұрған кезде атқарды. Оны Іле ауданына әкім етіп Баталов тағайындады. Менің білуімше, «қоқыс полигонына қатыстысты заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты» деген айып – айсбергтің су бетіндегі көрнісі ғана. Алдағы уақытта қылмыстық іс аясы кеңейіп, таяқтың бір ұшы Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталовтың да басына тиюі мүмкін, – дейді оқырманымыз.
2018 жылы 3 қыркүйекте өзінің кеңесшісі Б.Қарасаевты Іле ауданының әкімі етіп тағайындаған Амандық Баталов былай деген: «Қыдыргелді Медеуов зейнет жасына жетіп, қызметінен босатылды. Жаңа әкім түрлі қызметтерді істеді, тәжірибесі зор. Облыс экономикасы үшін Іле ауданының орны ерекше. Жаңа әкімнің алдында үлкен жұмыстар тұр».
А.Баталов өзі тағайындаған әкімнің тұп-тура алты жылдан кейін ұсталып кететінін білді ме екен, ә? Білмеуі де мүмкін ғой…
4 қыркүйек күні прокуратура Б.Қарасаевқа қатысты бұлтартпау шарасына санкция алу үшін қылмыстық іс материалдарын сотқа өткізген. Қарасаевтың екі айға қамалғаны яки үйқамаққа алынғаны туралы әзірге ресми хабар жоқ…