Жаңалықтар

«14 жылдан бері туыстары зорлап келген»: Түркістандық жігіттің оқиғасын туыстары баяндап берді

Фото:time.kz

Түркістан облысы Келес ауданының мүгедектігі бар 24 жасар тұрғынын он жылдан астам уақыттан бері туыстары зорлап, қорлық көрсетіп келген. Күдіктілердің бірі қамауға алынды, деп жазды qandastar.kz

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Время” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл жайтты жігіттің анасы кездейсоқ біліп қалған. Осы жылдың ақпанында үйінен ақша жоғалып кеткен Күлзада ұлынан өзі жоқта үйге кімдер келіп-кеткенін сұрай бастайды. Ұлын әңгімеге тарту кезінде анасы 14 жылдан бері жалғасып келе жатқан сұмдық жағдайдың анық-қанығын біледі.

«Төрт баланы жалғыз бақтым, күйеуім 18 жыл бұрын балалардың кішкентай күнінде қайтыс болды», –  дейді әйел өзінің азапты өмірі туралы. –  Осы ұлым мүгедек болып туылды, оның психикалық дамудың тежелуі және басқа да ілеспе диагноздары бар. Ол өте мейірімді, адал, қамқор жігіт, бірақ қорғансыз, оны кез келген адам ренжіте алады. Сондықтан оны көзімнен таса қылмаймын, өзім қорғап жүремін. Ал мына жайтта ұлымды қорғай алмадым”.

Баласы анасына болған жағдайды айтып, әкесі жағындағы алты туысқанының атын атаған, оның үшеуі – ағайынды. Олардың үлкені 26-27 жаста, ал кішісі кәмелеттік жасқа толмаған, ол небәрі 14-те.

“Үлкендері ұлыма істегендерін видеоға түсіріп, кішілеріне көрсеткен. Кейін олар да балама ойына келгенін істей бастаған. Соңғы екі зорлық-зомбылық фактісі 7 және 16 ақпанда болған, үшеуі бірінен соң бірі келген! Балам қансырап, барлық жері ауыратынын айтты”, – дейді Күлзада.

Күлзада қорықанынан баласын жұмысына өзімен бірге апарып жүр. Әйел көше тазалаушы болып жұмыс істейді.

“Бұдан кейін қалай өмір сүремін?! Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдым, қан қысымым көтеріліп кетті, ұлымды ойлап қорқамын. Ақпанда полицияға арыз жаздым. Бірақ жергілікті полиция қызметкерлері ешқандай шара қолданбады. Ешкімнен жауап алынған жоқ, ешкім ұсталған жоқ. Ал күйеуімнің туыстары арызды қайтарып алуымды талап етіп отыр. Шу шығармасын деп бес миллион теңге ұсынған. Полициядағылармен өздері сөйлесетінін айтты. Осының бәріне ақша табу үшін олардың әкесі тіпті бір үйір жылқысын сатып жіберген. Бірақ мен бұған ешқашан келіспеймін”, – дейді зорлық көрген жігіттің анасы.

Бұл іс бойынша тергеуді Түркістан облысы полиция департаментінің жедел-тергеу тобы жүргізіп жатыр, істі департамент басшылығы жеке бақылауына алған. Баланың құқығын тегін қорғап жүрген адвокат Гүлайхан Тұрсұманова осы жайт тергеуді жеделдеткенін айтады.

“Әзірге тергеуге қатысты сұрақтарым жоқ, барлық процедура толық көлемде жүргізіліп жатыр, сот-медициналық сараптамалардың қорытындысын күтіп отырмыз. Күдіктілер тобы анықталды, олардың бірі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қалғандары бойынша шешім жақын арада қабылданады. Диагнозына қарамастан, клиентім өзіне кім, қайда және не істегенін анық айтып бере алады. Тек қана оқиға нақты қай күндері болғанын атай алмайды. Қазір ол оңалту орталығының психиатр мамандарына қаралып жүр. Түркістан облысында мұндай мамандандырылған орталық жоқ, сондықтан анасы оны Шымкентке апаруға мәжбүр. Қазір оның жағдайы мәз емес, жан-жақтан қысым көрсетіліп жатыр”, – дейді қорғаушы.

Бұл жайт бүгінде шағын ауылға ғана емес, бүкіл елге мәлім деуге болады. 200 мыңнан астам аудиториясы бар қазақстандық блогерлердің бірі YouTube арнасында анасының бетін жасырмай, мүгедек жігітке жасалған зорлық-зомбылық туралы сюжетті көрсеткеннен кейін анасы аудан орталығына барудан қалған. Күлзаданы көрген жанның бәрі істің мән-жайын білмек болып, мазасын алатын көрінеді.

“Барлығы жан жараңды тырмалайды, қазірдің өзінде өзімді қоярға жер таба алмай жүрмін. Күйеуімнің туыстары бізге тіпті ауылдан кетуді ұсынды. Тірі жанға көрсеткен жамандығымыз жоқ, неге біз қашуымыз керек?! Қылмыс жасағандар емес, неге біз қуғынға ұшырауымыз керек?”, – деп күйінеді Күлзада.

Психолог-сарапшы Гүлжан Вероцкая елді дүрліктірген бұл зорлық-зомбылық оқиғасы тергеу мен сот органдарының нысанасына айналып қана қоймай, жағдайды түбірімен өзгертуге түрткі болуы керек деп есептейді.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close