Павлодар облысында 2012 жылы жасалған ауыр қылмыс арада 14 жыл өткен соң ДНҚ сараптамасының көмегімен ашылды. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға бау-бақша қоғамдастығының аумағында болған. Сол жерде 62 жастағы әйел зорланып, кейін қаза тапқан. Қылмыс сол кезде ашылмай, күдіктіні анықтау мүмкін болмаған.
Арада жылдар өтсе де, полиция істі бақылауда ұстап, жинақталған материалдарды қайта зерделеген. Жедел қызметкерлер мен криминалистер заманауи сараптама әдістерін қолдану арқылы тергеуді қайта жандандырған.
Нәтижесінде полицейлер күдіктінің кім екенін анықтаған. Ол 1964 жылы туған, бұрын сотталған ер адам болып шықты. Жүргізілген ДНҚ сараптамасы оның қылмысқа қатысы бар екенін растады.
Полицияның мәліметінше, күдікті кінәсін мойындаған. Қазір ол ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған.
Ішкі істер министрлігі бұған дейін ашылмай қалған қылмыстарды заманауи криминалистикалық әдістерді пайдалана отырып қайта тергеу жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.
