
Қазақстанда онлайн-платформаларды бұғаттауға мүмкіндік беретін жаңа құқықтық норма енгізілмек. Бұл туралы «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнамалар туралы» заңға ұсынылған түзетулерде көрсетілген, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Tengrinews.kz-қа сілтеме жасап.
Қолданыстағы заңда онлайн-платформаларды мемлекеттік предписанияларды орындауға міндеттейтін тікелей құқықтық тетік болмаған. Жаңа нормалар бұл олқылықты жоюды көздейді. Өйткені, бұл түзетулер платформаның талапты орындаудан бас тартуы немесе елемеуі ел ішінде толық немесе ішінара бұғаттауға себеп болатынын білдіреді.
Платформалар қандай міндеттемелерді орындауға тиіс?
Заңның 8-бабына ұсынылған өзгерістер уәкілетті органға келесідей бағыттар бойынша жаңа өкілеттіктер береді: онлайн-платформаларды мониторингтеу ережелерін бекіту; заңсыз контентті жою тәртібін белгілеу; қолжетімділікті шектеу қағидаларын әзірлеу.
Осыған сәйкес платформалар тыйым салынған материалдарды уақытылы жоюға, аноним аккаунттар туралы қажет деректерді беруге, жас шектеулерін сақтауға және контентті дұрыс белгілеуге міндетті болады. Бұл талаптардың кез келгенін орындамау бұғаттаудың заңды негізі болып саналады.
Министрліктің түсіндірме жазбасында бұл норманың мақсаты қауіпсіз ақпараттық кеңістік қалыптастыру екені атап өтілген. Құжат авторларының айтуынша, ірі халықаралық платформалар кей жағдайда ұлттық заң талаптарын орындауға асықпайды, мемлекетте оларды міндеттеуге арналған нақты құрал болмаған, заң жүзінде бекітілген тетік платформалардың жауапкершілігін арттырады.
Жоба бойынша бұл процесс келесі тәртіппен орындалады: Уәкілетті орган заң талабын орындамау фактісін тіркейді – Платформаға ресми хабарлама жібереді – Талап орындалмаған жағдайда платформаға қолжетімділік шектеледі. Бұғаттаудың нақты мерзімі, техникалық тәртібі және хабарлау форматы заң күшіне енгеннен кейін арнайы қағидаларда бекітіледі.
Жаңа нормалар барлық онлайн-платформаларға бірдей талап қояды. Олардың қатарына әлеуметтік желілер, видеохостингтер, мессенджерлер, маркетплейстер, іздеу жүйелері және қолданушылар генерациялайтын контентке негізделген сервистер кіреді.
Заң жобасында қандай да бір ерекше санатқа жеңілдік беру немесе оларды талаптан босату қарастырылмаған. Яғни, талап барлық платформаға бірдей деңгейде қолданылады.
Түзетулердің ықтимал әсеріне қатысты министрлік бірнеше маңызды жайтты атап өтті:
- Біріншіден, жаңа нормалар қосымша бюджет шығындарын талап етпейді. Яғни мемлекетке немесе салық төлеушілерге қосымша жүктеме түспейді.
- Екіншіден, құжат әлеуметтік-экономикалық теріс салдар әкелмейді деп күтілуде. Керісінше, онлайн-ортадағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.
- Үшіншіден, өзгерістердің енгізілуі қазақстандық және трансұлттық платформалар үшін ортақ әрі бірыңғай талаптардың қалыптасуына мүмкіндік береді. Бұл платформа иелерінің міндеттерін нақтылауға және құқықтық алаңды реттеуге ықпал етеді.
Министрлік мұндай тікелей құқықтық тетіктің болуы платформаларды мемлекеттік органның предписанияларын уақытылы орындауға ынталандырады, ал бұғаттау қаупі талаптарды орындауды күштірек механизм етеді деп есептейді.



