Жаңалықтар
«16 жасымда алып қашты»: Ақтөбеде 34 жастағы келіншек 12-ші баласын күтіп жүр

Фото: stan.kz
Ақтөбе облысының Шалқар ауданында 34 жастағы келіншек Айым Сүйеуқұлова 12-ші балаларын күтіп жүр. Отбасындағы 11 баласының алды студент. Үлкен қызы бір апта бұрын 18 жасқа толған. Ал 11-ші бала 19 наурызда 1 жасқа толады. Көпбалалы ана бір күні қалай өтетінін айтып, қызықты оқиғаларымен бөлісті, деп хабарлайды qandastar.kz ақпарат порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Отағасы Азамат Хадимжан 39 жаста. Мекемеде күзетші боп істейді. Олар Шалқар ауданының орталығында пәтер жалдап тұрады.
“12-ші бала маусым айында өмірге келеді деп күтіп отырмыз. Балалардың арасы 1-1,5 жас. Бәрі бір-біріне көмектесіп өсіп жатыр. 12 жастағы егіз қыздар бар. Балалардың атын ата-әжесі, қайын інім, келінім, егіздердің атын Аиша-Аида деп нағашылары қойды. Өзіміз тек 9-шы балаға ат қойыппыз. Күйеуім менен 5 жасқа үлкен. Алла аузына салған шығар, үйленген кезде енді 12 бала туып берсең болды деген. Әрине ол кезде әзілдестік. Бірақ сол тілек қабыл болды”,- деді көпбалалы ана Айым.
Айым 16 жасында ауылдасы шалқарлық жігітке тұрмысқа шыққан. Кездесіп жүрген жігіті мектеп бітіргеннен кейін алып қашқанын айтады.
Көпбалалы отбасы Шалқар ауданының орталығында пәтер жалдап тұрады. Жеті бала мектеп жасында. Төртеуі түске дейін, үшеуі түстен кейін оқиды. Екі бала балабақшаға барады.
Айымның әр күні бір-біріне ұқсас. Таңертең сағат 7:00- де тұрғаннан үйдің тірлігі басталады. Балалардың шайын беріп, мектепке, балабақшаға жібереді. Күтіп алады. Екінші кезекті жібереді. Тамақ істеу, ыдыс жуу, үйді тазалау, балалардың киімін дайындаумен таң атып кеш бататынын айтады. Балалардың алды үй шаруанысына араласып, анасына қолғабыс етіп жүр.