Жаңалықтар

18 млн пара: Жер ресурстарын басқару департаменті басшысы және оның сыбайласы сотталды

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Жер ресурстарын басқару департаменті басшысы мен оның сыбайласы сотталды, деп хабарлады Qandastar.kz.

Түркістан қалалық соты Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы А.Мырзаевқа, оның сыбайласы А.Балтабаевқа және осы департаменттің бөлім басшысы Б.Жетпісовке қатысты үкім жариялады. Бұл туралы Антикордың баспасөз қызметі мәлім етті.

Ресми мәлімет бойынша Мырзаев пен Балтабаев алаяқтық пен пара беруге итермелеу, ал Жетпісов – пара беруге оқталу бойынша кінәлі деп танылды.

– Мырзаев пен оның сыбайласы Балтабаев жер учаскесін ресімдеу үшін кәсіпкердің 18 млн теңге көлеміндегі ақшалай қаражатын иемденгені анықталды. Сонымен қатар Мырзаев лауазымды тұлғаларға жалпы қамқорлығы үшін пара беру сылтауымен бұрын келісілген Жетпісовтың 5 млн теңгесінің 70 мың теңге сомасындағы ақшалай қаражатын алаяқтық жолымен иемденді, – делінген хабарламада.

Сот үкімімен Мырзаевқа 8 жыл, Балтабаевқа – 7 жыл және Жетпісовке – 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан өмір бойына айыру жазасы тағайындалды.

Үкімді жария ету Түркістан қаласының Жер ресурстарын басқару жөніндегі облыстық департаменті мен Жер қатынастары бөлімі ұжымының қатысуымен өтті. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close