Ресей спорттық азаматтығын 2023 жылы Қазақстанға ауыстырған жүзуші Софья Сподаренко жаңа заң күшіне енгеннен кейін айтарлықтай қаржылық қысқартуға тап болды. Бұл туралы qandastar.kz «Комсомольская правдаға» сілтеме жасап хабарлайды.
2024 жылғы Олимпиададан кейін Қазақстанда спортшыларды қаржыландыру жүйесіне өзгерістер енгізілген болатын. Соның ішінде 2025 жылғы 11 тамызда қабылданған Туризм және спорт министрінің №159 бұйрығы ұлттық құраманың спортшылары мен олардың жаттықтырушыларына төленетін ай сайынғы ақының жаңа мөлшерлерін бекітті. Құжатта төлемдер минималды есептік көрсеткішке пропорционалды түрде есептелетіні және оларды алу үшін спортшының дайындықты жалғастыруы міндетті екені көрсетілген.
Сподаренконың айтуынша, оның бұрынғы айлық табысы екі бөліктен тұрған: ұлттық құраманың негізгі мөлшері және өңірлік қосымша төлем. Бұрын жалпы төлем шамамен 320 мың теңге болса, жаңа есептеуден кейін ол 194 мың теңгеге дейін азайған.
Жүзуші бұл қысқартуды өзінің тек Қазақстан чемпионы ретіндегі мәртебесі бойынша есептегенімен түсіндіреді. Ал Азия чемпионатындағы жетістіктері — өткен жылы алынған «алтын» және биылғы маусымдағы үш «қола» есепке алынбаған.



