Жаңалықтар

Шерзат Болаттың әкесінің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Фото: Qaz365.kz

Биыл қазанның басында Талғардағы жанжал кезінде қаза тапқан Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Нұрымовтың адвокаты Асқар Қаймақов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады, деп жазды qandastar.kz

Адвокат мәліметінше, полиция бүгін Қаржаубай Нұрымовтың үстінен қылмыстық іс қозғаған. «Бүгін полиция Қаржаубай Нұрымовқа қатысты ҚР ҚК 202-бабы негізінде (бөтен адамның мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру) сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады», — деп жазды адвокат Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Бұған қатысты Алматы облысының полиция департаменті Telegram-дағы арнасында ақпарат таратып, қылмыстық іс қозғалғанын растады.

«Полиция бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру фактісі бойынша қылмыстық іс тіркеді. 10 желтоқсанда Еңбекшіқазақ ауданының Азат ауылында орын алған құқыққа қарсы іс-қимыл нәтижесінде автокөлік иесіне материалдық залал келтірілгені анықталды, бұл әкімшілік жауапкершілік шегінен едәуір асып, іс-әрекеттің қылмыстық саралануына әкеп соғады», — деп хабарлады Алматы облысы полициясы. Облыстық полиция мәліметінше, Нұрымов «қоғамдық орында және полиция қызметкерлеріне қарсы дөрекі сөз сөйледі, оларды пышақпен қорқытты, сонымен қатар басқа біреудің мүлкіне қасақана зақым келтірді, атап айтқанда, көлікті пышақпен сырып, дөңгелекті тесіп тастады».

Қылмыстық кодекстің 202-бабы екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

 

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close