
«Жомарт» кеніші өндіріс көлемін ұлғайтып, өнеркәсіптік қауіпсіздік шараларын жүйелі түрде күшейтіп жатыр, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл туралы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басшылығының жұмыс сапары барысында мәлім болды.
Компанияның өндіріс жөніндегі орынбасары Саят Бакиров кенішке барып, өндірістік және инфрақұрылымдық бағыттағы негізгі мәселелерді талқылады.
Атап айтқанда, тау-кен-капиталдық, үңгілеу және кен өндіру жұмыстарының орындалу барысы сараланды.
Соңғы екі айда кен қорын ашу және дайындау жұмыстары оң динамика көрсеткен. Осы кезеңде шамамен 600 қума метр ашу және 1400-ге жуық дайындау қазбалары жүргізілген. Мамандар 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына қарай дайын қор көлемі айтарлықтай ұлғаяды деп болжап отыр.
Кеніште қауіпсіздікке ерекше басымдық берілген. Аэрогаздық жағдайды бақылау үшін биыл 925 млн теңге бөлінді. Өзіндік жүретін техникалар метан-реле жүйесімен кезең-кезеңімен жабдықталуда. Бұл жүйе газ деңгейі нормадан асқан жағдайда қозғалтқышты автоматты түрде тоқтатады. Қазіргі таңда бес техника осындай құрылғымен қамтылып, тағы он бір техника кезекте тұр.
Сонымен қатар стационарлық газ датчиктері орнатылып жатыр. Қауіпті көрсеткіш тіркелген жағдайда олар энергия жабдықтарын автоматты түрде өшіреді. Қазірдің өзінде бес датчик іске қосылып, тағы жетеуі орнатылады.
Кенішті дамытуға бағытталған инвестиция көлемі 2,7 млрд теңгеден асады. Бұл қаражат №3 желдету оқпанын тереңдетуге жұмсалмақ. Жоба аясында оқпанды арқаулау және негізгі желдету қондырғысын іске қосу жоспарланған.
Бұдан бөлек, №1 және №2 желдету қондырғыларына жүргізілген күрделі жөндеу олардың толық жобалық қуатта жұмыс істеуіне мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде шахтаға қосымша 200 текше метрге дейін таза ауа жеткізу қамтамасыз етілді.
Желдету жүйесін жетілдіру мақсатында диаметрі 2,5 метр болатын екі шурф қазылып, 156 метр тереңдікке дейін ауа беру жолға қойылған. Алдағы уақытта батыс және шығыс бағыттарда диаметрі 4,5 метр болатын тағы екі шурф қазу жоспарланып отыр. Олар 600 метрге дейінгі тереңдікте тиімді желдетуді қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ «СоюзГеоМех» ЖШС-мен бірлесіп, мамандарды оқыту және кеніштерде геомеханика саласындағы заманауи стандарттарды енгізу мәселесі қарастырылуда.



