
Фото: ЖИ
Астаналық ерлі-зайыпты пәтер алмақ болып, алаяқтық схеманың кесірінен екі бірдей көлігінен және 11 миллион теңгесінен қағылды. Бұл туралы qandastar.kz Stan.kz сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Жәбірленушілердің айтуынша, көлік жөндеумен айналысатын Ғафуназар Усмановқа биыл ақпанда Төлеген Қодасов есімді азамат келіп, кейінірек көлікті Шұғыла тұрғын үй кешеніндегі екі пәтерге айырбастауды ұсынған. Тараптар келісіп, құжаттарға қол қойылғанымен, кейіннен мәміленің заңсыздығы анықталыпты.
Бастапқыда Lexus 570 көлігі пәтерге айырбасталған. Кейін Қодасов ерлі-зайыптылардың екінші көлігі – Mercedes 222-ні де өз атына рәсімдетіп, үстінен 11 миллион теңге беруге уәде еткен. Алайда уәде орындалмай, пәтер кілттері берілмеген. Кейін құрылыс компаниясы келісімшартты бұзғанын хабарлаған.
«Нәтижесінде біз екі көліктен және 11 миллион теңгеден айырылдық. Екі баламен баспанасыз қалдық. Ал Қодасов бар мүлкімізді иемденіп кетті», – дейді жәбірленушілердің бірі Райхан Хамза.
Астана полициясы бұл жағдайға байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдарының жүріп жатқанын хабарлады.
«Қылмыстық процеске қатысушылармен барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіледі. Соңғы процессуалдық шешім сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін қабылданады», – деп мәлімдеді қалалық ПД баспасөз қызметі.