Жаңалықтар

20 млрд теңге: «Қазақмыс» Ұлытау инфрақұрылымын жаңғыртады

Ұлытау облысының әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы өңірді кешенді дамытуға бағытталған 20 млрд

теңгелік ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды QANDASTAR порталы.

Құжатқа облыс әкімі Дастан Рыспеков пен корпорация басқармасының төрағасы Руслан Өскенәлі қол қойып, инфрақұрылым мен әлеуметтік саланы қолдау бойынша нақты міндеттер айқындалды. Келісім аясында медицина, білім беру, мәдениет және спорт бағыттарында 20 млрд теңгеден астам қаражат игерілмек.

Өңірде сұранысқа ие кадрларды даярлайтын Ұлытау университетін ашу көзделіп отыр. Сонымен қатар Жезқазғанда ірі орталық мешіттің құрылысы аяқталып, Сәтбаев қаласында травматологиялық пункт пайдалануға беріледі.

Дарынды жастарды қолдау мақсатында 150 орындық интернаты бар «Намыс» спорт академиясы іске қосылады. Ұлытау футбол клубына қаржылай қолдау жалғасады. Бұдан бөлек, сумен қамту және энергия жүйелерін жаңғыртуға арналған жобалық-сметалық құжаттар әзірленеді.

Жезқазған қаласында Жастар саябағы, Ғарышкерлер бақжолы мен Кеңгір су қоймасының жағалауы жаңартылып, Қожамқұлов атындағы театрға күрделі жөндеу жүргізіледі. Бұл бастамалар стратегиялық маңызы бар өңірдің тұрақты дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button