Жамбыл облысының перинаталдық орталығында жаңа туған нәресте бірнеше сағат ішінде көз жұмды. Келіншектің туыстары бұл қайғылы жағдайға медициналық қызметкерлерді кінәлап отыр, деп хабарлайды qandastar.kz
Тұрар Рысқұлов ауданының тұрғыны Гүлім Оразбаева жүктілігінің 41 аптасында аудандық перзентханаға түскен. Дәрігерлер баланың ірі екенін айтып, оны кесарь тілігі арқылы босандыру үшін облыстық перинаталдық орталыққа жіберген. Алайда күйеуінің айтуынша, облыстағы мамандар апта бойы еш әрекет жасамаған, ал медбикелер кесарь тілігі үшін 20 мың теңге сұраған.
– Сенбі күні 20 мың теңге бергеннен кейін ғана келіншегім сол күні босанатын еді. Кезекші дәрігерге тапсырылды, – деді Ермұхан Әмреев.
35 жастағы әйелдің бала босануы ауыр жағдайда өткен. Өкінішке орай, нәресте бір жарым сағат ішінде шетінеп кеткен. Қазіргі таңда шақалақтың өлімі мен ақша аударуға қатысты тергеу басталған. Істі тексеру үшін Денсаулық сақтау басқармасы қызметтік тексеру жүргізуде.
– Мәселені зерделеу үшін жұмыс тобы құрылып, тәуелсіз сараптама тағайындалады. Сонымен қатар медициналық бақылау комитетіне жүгінеміз. Заң бойынша босандыру тегін, ешқандай қосымша ақы төлеудің қажеті жоқ, – деді Жамбыл облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаев.



