ЖаңалықтарЭкономика және бизнес

2025 жылдың фотохроникасы: Дипломатия, диалог, даму

2025 жылдың Қазақстан үшін сыртқы саясатта да, ішкі даму жолында да шешуші кезеңдердің бірі болғаны сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым‑Жомарт Тоқаев жыл бойы ел ішіндегі реформаларға, экономикалық және әлеуметтік бастамаларға тікелей жетекшілік етіп, халықаралық саммиттерге қатысты. Яғни, бұл – Қазақстанның жаһандық беделі нығайып, ішкі жаңғыруы жалғасқан жыл болды.

Ендігі кезекте qandastar.kz сайты назарларыңызға Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен өткен 2025 жылдың ең маңызды сәттерінен фоторепортаж ұсынады.

Президент 2025 жылғы басымдықтарды айқындады

28 қаңтар: Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Үкіметінің кеңейтілген отырысында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен сыртқы саясатына қатысты маңызды тапсырмалар берді. Бұл кездесу елдің тұрақты дамуына бағытталған шешімдер қабылдауда негізгі басымдықтарды айқындады.

Қазақстан, Астана қаласы

Бұл іс-шара мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының дамуы үшін маңызды кезең болды, онда экономикалық өсім, әлеуметтік әділеттілік, экологиялық қауіпсіздік және сыртқы экономикалық белсенділік мәселелері көтерілді.

Президент Үкіметті жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек аса өзекті мәселелерді шешуге бағыттауға шақырды. Президент: «Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді», – деп атап өтті.

Қазақстан, Астана қаласы

Орта Азиядағы стратегиялық әріптестік

29 наурыз: Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев Алматы қаласында стратегиялық әріптестік пен өңірлік қауіпсіздік мәселелерін талқылады.

Қазақстан, Алматы қаласы

Бұл – бауырлас, достас мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмысты іскерлік сипатта тағы бір талқылауға орайлы сәт. Біз – одақтас елдерміз. Екі ел арасындағы ықпалдастық тұтас Орталық Азия өңіріндегі жағдайға тікелей әсер етеді, – деді Қазақстан Президенті.

Қазақстан, Алматы қаласы

Бұл кездесу Орталық Азия елдері арасындағы тұрақты диалогты күшейтті.

«Орталық Азия Еуропалық Одақ» саммиті

Сәуір айы: Тоқаев Самарқандта өткен «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» саммитіне қатысып, ЕО басшылығымен және халықаралық қаржы институттарымен келіссөздер жүргізді. Бұл шара Қазақстанның өңірлік көшбасшы ретіндегі рөлін бекітті.

Өзбекстан, Самарқанд қаласы

Қазақстан Президенті геосаяси дүрбелеңдер мен жаһандық сын-қатерлер белең алған кезеңде Орталық Азия мен Еуропа Одағы арасындағы ықпалдастықтың өзектілігі арта түскеніне назар аударды. Президент, ең алдымен, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса мән берген жөн деп санайды. Оның айтуынша, Қазақстан ЕО нарығына жалпы құны 2 миллиард доллардан асатын 175 тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын.

Қасым-Жомарт Тоқаев еуропалық компанияларды осындай жаңа жобаларды қаржыландыру үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңын пайдалануға шақырды.

Өзбекстан, Самарқанд қаласы

Қазақстан-Қытай стратегиялық әріптестігі

16 маусым: Астана қаласында екінші Қытай-Орталық Азия саммиті өтті. Іс-шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚХР төрағасы Ци Цзиньпин, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қатысты.

Қазақстан, Астана қаласы

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қолда бар мүмкіндікті біріктіру Қытаймен қарқынды әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа тың серпін береді.

Орталық Азия мемлекеттерінің ішкі жалпы өнімінің көлемі жарты триллион доллар межесіне таяп қалды. Соңғы бес жылда өңірдегі сауда айналымы айтарлықтай ұлғайып, 10 миллиард доллардан асты. Өткен жылы біздің аймақтың Қытаймен арадағы сыртқы саудасы 40 пайызға жуықтап, 95 миллиард долларды құрады. Бұл – рекордтық меже. Аталған көрсеткіштің 46 пайызы Қазақстанға тиесілі. Еліміздің Қытаймен тауар айналымы 44 миллиард долларға жетті. Қытай инвестициясы Қазақстанның экономикалық өсіміне маңызды үлес қосып келеді. Бүгінге дейін көршілес ел бізге 26 миллиард доллардан астам қаржы құйды. Қазақстанда Қытай капиталының үлесі бар 5 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді, – деді Президент.

Форум қорытындысы бойынша мемлекет басшылары екінші «Орталық Азия – Қытай» саммитінің Астана декларациясына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы және Қытай Халық Республикасы арасындағы мәңгі тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды.

Қазақстан, Астана қаласы

Түркиямен стратегиялық диалог

29 шілде: Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан – Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 5-ші отырысын өткізді.

Түркия, Анкара қаласы

Кеңесте өзара сауда-саттық көлемін ұлғайту мәселесі талқыланды. Былтыр өзара сауда айналымы 5 миллиард доллар болған. Бұл көрсеткішті еселеуге барлық мүмкіндік бар. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміз Түркия нарығына кемінде 34 түрлі өнім жеткізуге дайын. Оның көлемі 1 миллиард долларға жуықтайды. Түркиядан келетін тауар түрлерін де арттыра түсу маңызды.

Екі елдің ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығының болашағы зор. Қазақстанда өндірілетін дәнді-дақылдың төрттен бірі, мақтаның үштен бір бөлігі, дән желімшесінің 26 пайызы Түркияға экспортталады. Жалпы, елімізде түрік кәсіпкерлерінің қатысуымен ауыл шаруашылығында құны 1,3 миллиард доллар болатын 23 инвестициялық жоба қолға алынған. Олардың 18-і іске қосылып, өнімдері халықаралық нарыққа шығарылуда.

Түркия, Анкара қаласы

Шара барысында тараптар қорғаныс өнеркәсібі, ақпараттық технология, жасанды интеллект, қаржы, азаматтық авиация, мәдениет, білім, денсаулық сақтау және туризм салаларындағы ынтымақтастық перспективасы жөнінде егжей-тегжей пікір алмасып, екіжақты энергетикалық, жасыл технологиялар мен инновация салаларындағы келісімдерге қол жеткізілді.

БҰҰ Бас Ассамблеясы

24 қыркүйек: АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында Мемлекет басшысы еліміздің көпвекторлы дипломатиясының жаңа бағытын жариялап, Қазақстанның жаһандық мәселелерге қатысуы туралы стратегиялық ұстанымдарын айтты.

АҚШ, Нью-Йорк қаласы

«Бірлесе әрекет ету: бейбітшілік, даму және адам құқықтары жолында 80 жылдық ортақ еңбек және алдағы бағыт» тақырыбына арналған бұл шара барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  халықаралық ұйымдар мен мемлекеттердің басшыларымен, сондай-ақ FIFA президентімен маңызды келіссөздер жүргізді.

АҚШ, Нью-Йорк қаласы

Осылайша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясы аясындағы келіссөздері Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығын кеңейтуге, спорт, экономика, гуманитарлық байланыстар мен жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз ету ісіне тың серпін берді.

АҚШ, Нью-Йорк қаласы

АҚШ-пен стратегиялық қарым-қатынас

7 қараша: Вашингтонда өткен «Орталық Азия – АҚШ» саммитінде Қазақстан мен АҚШ стратегиялық әріптестік пен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған келіссөздер жүргізді.

АҚШ, Вашингтон қаласы

Президент Қазақстанның Құрама Штаттармен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін растап, С5+1 форматындағы саммит шын мәнінде Орталық Азия мен Құрама Штаттар арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашқанына назар аударды.

Қазақстан мен АҚШ арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты дамытуды ұдайы қолдап келесіз. Мен мұны жоғары бағалаймын. Ақ үйде Президент лауазымын атқарған алғашқы кезеңде біздің қарым-қатынасымыз кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейінде заңнамалық тұрғыдан бекіді. АҚШ – Қазақстанға 100 миллиард доллардан аса қаржы салған ең ірі инвесторымыз, экономикамыздың қозғаушы күші саналады. Соңғы жылдары елдеріміз арасындағы тауар айналымы екі есе өсіп, 5 миллиард доллар межесіне жуықтады. Америкадағы уранға сұраныстың шамамен 25 пайызын қамтамасыз етіп отырмыз. Қазақстанда 600-ден астам америкалық компания бизнес жүргізеді, – деді Мемлекет басшысы.

АҚШ, Вашингтон қаласы

Жалпы, Қазақстан мен АҚШ-тың энергетика, аса маңызды минералдар, өнеркәсіп, көлік, қаржы, жасанды интеллект, білім секілді негізгі салаларды қамтитын экономикалық әлеуеті жарты триллион доллардан асады. Сөйтіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сапары аясында екі ел компаниялары жалпы сомасы 17 миллиард доллардан асатын келісімдер жасасты.

Жапонияға ресми сапар

18-20 желтоқсан: Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға ресми сапармен барып, «Орталық Азия + Жапония» саммитіне қатысты, сондай-ақ император Нарухитомен және іскерлік орта өкілдерімен кездесулер өткізді.

Жапония, Токио қаласы

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-жапон ықпалдастығының перспективті бағыттарына тоқталды. Екі ел арасындағы сауда-экономика және инвестиция саласындағы екіжақты қатынастар тың серпінмен дамып келеді. Жапония Қазақстандағы ірі инвестордың қатарына кіреді. Былтыр тауар айналымы 2 миллиард долларға жеткен. Бұл – Жапонияның Орталық Азия мемлекеттерімен жалпы сауда көлемінің 70 пайызынан астамы деген сөз. Сондай-ақ көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда нақты жобалар бар. Жапония – Қазақстан экономикасының негізгі инвесторларының бірі. Оның елімізге құйған қаржы көлемі 8,5 миллиард доллардан асты.

Жапония, Токио қаласы

Мемлекет басшысының Жапонияға сапары аясында сомасы 3,7 миллиард доллардан асатын 60-тан астам екіжақты құжатқа қол қойылды.

Статистикалық деректер:

Өткен 2024 жылы жылы Президенттің әуе сапарларына 245 сағат жұмсалған болатын. Биылғы жыл да халықаралық сапарлар тұрғысынан кем түскен жоқ, керісінше мазмұны мен қарқыны жағынан аса тығыз болды. Он екі айдың ішінде Мемлекет басшысы 19 шетелдік сапар жасады. Бұл сапарлар Еуразияның, Таяу Шығыстың, Шығыс Азияның және Солтүстік Американың негізгі саяси әрі экономикалық орталықтарын қамтыды.

Шетелдік байланыстардың басым бөлігі жұмыс сапарлары болды. Мұндай сапарлар саны – он үш. Олардың қатарында Біріккен Араб Әмірліктеріне, Өзбекстанға, Ресейге, Венгрияға, Беларуське, Түрікменстанға, АҚШ-қа, Әзербайжанға, Тәжікстанға және Қырғызстанға жасалған сапарлар бар. Жұмыс сапарлары форматы аймақтық қауіпсіздік, экономика және көпжақты ынтымақтастық мәселелері бойынша тұрақты диалогты сақтауға мүмкіндік берді.

Бес сапар ресми форматта өтті. Президент Иорданияға, Түркияға, Қырғызстанға, Қытайға және Жапонияға барды. Бұл сапарлар келіссөздерге бай бағдарламамен, бизнес қауымдастықтармен кездесулермен және гуманитарлық бастамалармен қатар жүріп, екіжақты байланыстарды нығайтып, ынтымақтастықтың күн тәртібін кеңейтті.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев қараша айында Ресей мен Өзбекстанға екі мемлекеттік сапар жасаған. Бұл бағыттар Қазақстан үшін экономика, транзит және өңірлік тұрақтылық тұрғысынан дәстүрлі түрде аса маңызды саналады. Сапарлардың мемлекеттік мәртебесі өзара сенімнің жоғары деңгейін және серіктестіктің стратегиялық маңызын айқындады.

Қытайға жасалған сапар барысында Қазақстанның мәдени орталығы ашылып, ШЫҰ саммитіне қатысу арқылы серіктестіктің гуманитарлық және экономикалық өлшемі нығая түсті.

Вашингтонда өткен Орталық Азияның бес мемлекеті басшыларының АҚШ Президентімен C5+1 форматындағы кездесуі Қазақстанның өңірлік диалогтағы жетекші ойыншылардың бірі ретіндегі рөлін бекіте түсті.

Токиода өткен «Орталық Азия + Жапония» саммитінде инвестиция, технология және логистика салаларындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық бағыттары айқындалды.

Жалпы алғанда, 2025 жылғы сыртқы саяси динамика Қазақстанның халықаралық беделінің нығайғанын айқын көрсетті. Белсенді дипломатия, серіктестердің кең ауқымы және жаһандық үдерістерге қатысу еліміздің халықаралық аренадағы позициясын күшейтті.

Қорыта айтқанда, биылғы жыл Қазақстан үшін сыртқы саясаттағы белсенділік, стратегиялық диалогтар мен жемісті келіссөздер жылы болды. Ел Президентінің сапарлары аймақтағы қауіпсіздік, экономикалық ынтымақтастық пен көпвекторлы дипломатияны нығайтуға бағытталды. Қазақстан тек аймақтық емес, әлемдік деңгейдегі маңызды серіктес ретінде танылды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button