2025 жыл жасанды интеллект нарығы үшін бетбұрыс кезеңге айналды. Бұрын тәжірибе ретінде қарастырылып келген ЖИ технологиялары биыл компаниялардың күнделікті жұмысына толық енді. Соның нәтижесінде бұл сала ондаған кәсіпкерді долларлық миллиардер қатарына қосты. Forbes журналы жасанды интеллектке негізделген ең ықпалды жеті стартапты атап, жаңа есімдердің қалай пайда болғанын саралады, деп жазады qandastar.kz сайты El.kz порталына сілтеме жасап.
Бүгінде жасанды интеллект бағдарламалық өнім әзірлеуден бастап, клиенттерге қызмет көрсетуге, мәтін, сурет және дауыс генерациялауға дейін кеңінен қолданылып отыр. Gallup деректеріне сүйенсек, соңғы екі жылда қызметкерлердің ЖИ-ді апта сайын пайдалану көрсеткіші 11 пайыздан 23 пайызға дейін өскен. Ал Microsoft секілді ірі корпорациялар өз өнімдерінің елеулі бөлігі нейрожелілердің қатысуымен жасалатынын ашық мойындайды.
Нарықтағы бұл серпіліс әсіресе деректерді дайындау, модельдерді оқыту, кодты автоматтандыру, сөйлеу мен бейне генерациясы секілді салалардың күрт қымбаттауына әкеп соқты. Дәл осы бағыттарда бай кәсіпкерлердің жаңа буыны қалыптасты. Олар – бағдарламашыларға арналған сервистерді, дерек жеткізуші платформаларды және интеллектуалды көмекшілерді жасаған стартаптардың негізін қалаушылар.
Ендеше, Forbes тізіміне енген бұл кәсіпкерлер кімдер және олар миллиардтаған капиталды қалай жинады?
Эдвин Чен

2025 жылдың ең бай жаңа миллиардері – Surge AI компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Эдвин Чен. Оның компаниясы жасанды интеллект модельдерін оқытуға қажетті деректерді дайындап, тексерумен айналысады және бүгінде бигтех үшін стратегиялық маңызы бар жеткізушіге айналған.
Surge AI Google, Microsoft, сондай-ақ OpenAI, Anthropic, Mistral сынды жетекші зертханалармен жұмыс істейді. 2024 жылы компанияның табысы шамамен 1,2 млрд долларға жеткен. Forbes Surge AI-дің нарықтық құнын 24 млрд доллар деп бағалап отыр. Компания акцияларының 75 пайызына иелік ететін Ченнің байлығы 18 млрд долларға жуықтайды. 37 жасында ол Forbes-те АҚШ-тағы ең бай 400 адамның ең жас мүшесі атанды.
Брет Тейлор/Клэй Бейвор

2023 жылы құрылған Sierra стартапы арқылы байыған бұл екі кәсіпкер клиенттерге қызмет көрсету саласын түбегейлі өзгертті. Олардың ЖИ-жүйелері колл-орталық операторларын алмастырып, тұтынушылардың сұранысына автоматты түрде жауап береді. 2025 жылы компания 350 млн доллар инвестиция тартып, оның құны 10 млрд долларға жетті. Әрқайсысы шамамен 2,5 млрд доллар байлыққа ие болды.
Mercor: 22 жастағы үш миллиардер

Брендан Фуди, Адарш Хайремат және Сурья Мидха – жасанды интеллект дәуіріндегі ең жас миллиардерлер. Олардың Mercor платформасы ЖИ модельдерін жетілдіру үшін мамандарды іріктеп, жауаптардың сапасын тексерумен айналысады. Клиенттер қатарында OpenAI мен Meta бар. 2025 жылы компания 10 млрд долларға бағаланып, әр құрылтайшының капиталы 2,2 млрд долларға жетті.
Lovable: кодсыз бағдарламалау

Антон Осика мен Фабиан Хедин негізін қалаған Lovable сервисі сайт пен қосымшаны қарапайым мәтін арқылы жасауға мүмкіндік береді. Бағдарламалауды білмейтіндер үшін бұл – нағыз революция. Lovable небәрі сегіз айдың ішінде жылдық табысын 100 млн доллардан асырды. 2025 жылдың соңында компания 6,6 млрд долларға бағаланып, әр құрылтайшы шамамен 1,6 млрд доллар табысқа ие болды.
Люси Го

Scale AI компаниясындағы шағын үлес Люси Гоны миллиардерлер тізіміне қосты. Кейін Meta компанияның 49 пайызын сатып алған соң, оның капиталы 1,4 млрд долларға жетті. Бұған қоса, Люси Passes атты контент платформасын дамытып отыр. 31 жасында ол әлемдегі ең жас self-made миллиардер әйелдердің бірі атанды.
Cursor: бағдарламашылардың жаңа қаруы

Майкл Труэлл, Аман Сэнгер, Суале Асиф и Арвид Ланнемарк негізін қалаған Cursor – код жазуды жеңілдететін ЖИ-құрал. Nvidia, Uber, Shopify секілді алпауыттар қолданатын бұл сервис 2025 жылы 29,3 млрд долларға бағаланды. Төрт құрылтайшының әрқайсысының байлығы шамамен 1,3 млрд долларды құрайды.
ElevenLabs: жасанды дауыс

Мати Станишевски мен Петр Дабковский құрған ElevenLabs мәтінді адам дауысына ұқсатып оқитын технологиясымен танылды. Компания 2025 жылы 6,6 млрд долларға бағаланып, құрылтайшылардың әрқайсысы миллиардер атанды.



