Жаңа оқу жылында мектептерде қандай өзгерістер болады?
2026–2027 жаңа оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, білім беру жүйесінде бірқатар маңызды өзгерістер күшіне енеді, дейді Qandastar.kz.
Бастауыш сыныптарда ТЖБ алынып тасталады
Жаңа оқу жылынан бастап 1–4 сынып оқушылары тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) тапсырмайды. Оның орнына формативтік және аралық бағалау жүйесі қолданылады. Формативтік бағалаудың тоқсандық қорытындыға әсері 25 пайыздан 50 пайызға дейін ұлғаяды. Бұл оқушылардың күнделікті оқу жетістіктерін әділ бағалауға мүмкіндік береді.
Оқу бағдарламасына жаңа пәндер енгізіледі
Білім беру мазмұны жаңартылып, бірнеше жаңа пән оқытыла бастайды. Атап айтқанда, 5–7 сыныптарда «Конституция негіздері», 8–11 сыныптарда «Заң және тәртіп», ал 5–11 сыныптарда «Жеке қауіпсіздік» курстары енгізіледі. Сонымен қатар «Құқық негіздері» пәнінің мазмұны жаңартылып, «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы жалғасады.
Жасанды интеллект білім беру процесіне енгізіледі
Орта білім беру ұйымдарында жасанды интеллект технологияларын қолдану кезең-кезеңімен іске асады. Алғашқы пилоттық жоба бірнеше өңірдегі мектептерде басталып, кейін басқа білім ордаларына кеңейтіледі. ЖИ мұғалімді алмастырмайды, керісінше оқушылардың білім деңгейін талдап, оқу процесін тиімді ұйымдастыруға көмектесетін құрал ретінде пайдаланылады.
Смартфон қолдануға шектеу қойылады
Жаңа ереже бойынша 7-сыныпқа дейінгі оқушылар сабақ кезінде смартфон пайдаланбайды. Телефонды сақтау тәртібін әр мектеп өзінің ішкі ережесіне сәйкес белгілейді. Ал жоғары сынып оқушыларына қатысты талаптар әлі талқылану үстінде.
Мектептерді жаңғырту жұмыстары жалғасады
Елімізде мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатындағы реновация бағдарламасы жалғасады. Алдағы жылдары мыңнан астам мектеп жаңартылып, олардың басым бөлігі ауылдық жерлерде орналасқан білім беру ұйымдары болады.
Мұғалімдердің жауапкершілігі нақты айқындалады
Заңдағы өзгерістерге сәйкес педагогтер оқушылардың қауіпсіздігіне тек оқу процесі кезінде ғана жауапты болады. Сабақтан тыс уақыттағы немесе каникул кезіндегі жағдайларға ата-аналар жауап береді.
Педагогтерді аттестаттау тәртібі өзгереді
2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап аттестаттаудың жаңа моделі сынақ ретінде енгізіледі. Қызметтегі мұғалімдердің басым бөлігі пәндік тест тапсырмайды. Бағалау мұғалімнің кәсіби қызметі мен жетістіктеріне негізделеді.
Мұғалімдердің артық жұмысы қысқарады
Жаңа заңға сәйкес педагогтер өздерінің кәсіби міндетіне қатысы жоқ ұйымдастыру және әкімшілік жұмыстарға тартылмайды. Бұл мұғалімдердің негізгі қызметіне көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді.
Біліктілік талаптары жаңартылады
Педагогтердің кәсіби даярлығы мен қызметіне қойылатын талаптар қайта қаралып, біліктілік санатын беру және аттестаттау қағидалары жетілдіріледі.
Оқу жылының мерзімі
2026–2027 оқу жылы 2026 жылғы 1 қыркүйектен 2027 жылғы 25 мамырға дейін жалғасады. Тоқсандардың ұзақтығы мынадай:
- I тоқсан – 8 апта;
- II тоқсан – 8 апта;
- III тоқсан – 10 апта;
- IV тоқсан – 8 апта.