
Қазақстанда тұрғын үй құрылысының көлемі алдағы жылы да жоғары деңгейде сақталмақ.
Үкіметтің мәліметінше, 2026 жылы ел бойынша 18,5 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланып отыр, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл туралы Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, мемлекет басшысының азаматтарды қолжетімді баспанамен қамту жөніндегі тапсырмасын орындау жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатыр.
Министрдің сөзінше, 2025 жылы елде 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл көрсеткіш құрылыс саласының тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді.
2026 жылғы негізгі құрылыс жұмыстары дәстүрлі түрде Астана, Алматы және Шымкент қалаларында шоғырланады. Сонымен қатар тұрғын үй нарығын қолдау үшін мемлекет бірнеше бағытта кешенді шаралар қабылдамақ. Олардың қатарында құрылыс жобаларын қаржыландыруды кеңейту және ипотекалық бағдарламаларды дамыту бар.
Өткен жылы әлеуметтік санаттағы азаматтарға арналған тұрғын үйді сатып алу мен салуға да қомақты қаржы бөлінген. Атап айтқанда, кезекте тұрғандар үшін 218 млрд теңгеге 14,5 мың жалдамалы пәтер сатып алынды. Бұдан бөлек, «несиелік тұрғын үй» бағыты бойынша 140 млрд теңгеге 14 мыңға жуық пәтер салынды және сатып алынды.
Мемлекеттік бағдарламалар арқылы ұсынылатын 2% және 5% мөлшерлемемен берілетін ипотекалық несиелер көптеген отбасының баспаналы болуына мүмкіндік берді. Бұл жеңілдікті несиелерді 5 мыңнан астам отбасы пайдаланды.
Сонымен қатар «Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» бағдарламалары аясында 233 млрд теңгеге 8,6 мың қарыз берілді.
«Былтыр азаматтарға 8 мыңға жуық жалға берілетін тұрғын үй және 11 мыңнан астам жеңілдікті ипотекалық қарыз берілді. Бұдан басқа, заңға енгізілген түзетулер бұрын “сатып алу құқығынсыз” берілген жалға берілетін тұрғын үйді жекешелендіруге мүмкіндік берді. Өткен жылы бұл мүмкіндікті 15 мыңнан астам азамат пайдаланды. Сондай-ақ 11 мыңнан астам адам жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау тетігін қолданды, бұл мақсаттарға 7,6 млрд теңге бөлінді», — деді Ерсайын Нағаспаев.
Министрдің айтуынша, биыл да тұрғын үйді қолдау шаралары жалғасады. Алдағы уақытта 11,5 мың пәтер салу үшін 155 млрд теңгеге жергілікті атқарушы органдардың бағалы қағаздарын сатып алу жоспарланып отыр. Сонымен бірге 18 мыңнан астам жаңа жеңілдікті ипотекалық қарыз беру көзделген.



