ЖаңалықтарҚандастарға қолдау

2026 жылы Қазақстан қанша қандасты қабылдайды? Үкімет квотаны бекітті

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2026 жылға арналған қандастар мен қоныс аударушы қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасын бекітті, деп хабарлайды qandastar.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушының бұйрығына сәйкес, 2026 жылға келесі квоталар белгіленген:

  • қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы – 2 281 адам;
  • қоныс аударушы қандастардың өңірлік квотасы – 5 997 адам.

Құжат алғашқы ресми жарияланған күннен кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң, яғни 2026 жылғы 2 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Министрліктің мәліметінше, 2025 жылдың 1 қарашасына дейін жыл басынан бері Қазақстанға 13 202 этникалық қазақ оралып, қандас мәртебесін алған. Ал 1991 жылдан бері тарихи отанына қоныс аударған этникалық қазақтардың жалпы саны 1 млн 161,2 мың адамнан асты.

Қандастар қай елдерден келуде?

Биыл елге оралған қандастардың басым бөлігі:

  • Өзбекстаннан – 45,6%;
  • Қытайдан – 42,3%;
  • Түрікменстаннан – 4,1%;
  • Моңғолиядан – 2,9%;
  • Ресейден – 2,6%;
  • өзге елдерден – 2,5%.

Жас ерекшелігі мен білімі

Қоныс аударған қандастардың:

  • 57,6%-ы – еңбекке қабілетті жаста;
  • 33,9%-ы – кәмелетке толмағандар;
  • 8,5%-ы – зейнет жасындағы азаматтар.

Еңбекке қабілетті қандастардың ішінде:

  • жоғары білімі барлар – 15,2%;
  • орта арнаулы білімі барлар – 28,2%;
  • жалпы орта білімі барлар – 50,5%.
  • Білімі жоқ –  6,1%.

Қоныстану өңірлері

Қандастар еліміздің түрлі аймақтарына қоныстануда. Ал мемлекет тарапынан еңбек күші тапшы өңірлер ретінде Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары белгіленген.

Айта кетсек, 2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамды құраған. 1 қарашадағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 942 қандас көшірілген.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button