ЖаңалықтарҚаржы және төлемдер

2026 жылы кімдердің аударымдары тексеріледі: нақты тексеру критерийлері бекітілді

Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтардың банк аударымдарын қандай жағдайда салық органдары тексеретінін нақтылап, түпкілікті критерийлерді жариялады, деп жазады qandastar.kz сайты NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

Комитет өкілдерінің айтуынша, азаматтың атына келіп түскен қаражат кәсіпкерлік табыс ретінде қарастырылуы мүмкін бірнеше жағдай бар. Бұған дейінгі талап тек бір көрсеткішке үш ай қатарынан 100 және одан көп түрлі тұлғадан аударым түсуіне байланысты болатын. Енді жаңа редакцияға тағы бір шарт қосылды: дәл осы кезеңдегі аударымдардың жиынтық сомасы сол қаржы жылының 1 қаңтарындағы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асуы тиіс.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап тексеруге негіз болатын критерийлер:

  1. Физикалық тұлға есебіне үш ай қатарынан 100 және одан көп әртүрлі адамнан ақша түсуі.
    Бұл есеп шот кәсіпкерлік қызметке арналмаған болса да, мұндай белсенділік күдік тудыруы мүмкін.

  2. Осы үш айдағы жалпы түсімнің ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асуы.
    Бұл сома республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі жалақының көлеміне байланысты есептеледі.

2024 жылдан бастап Қазақстанда мобильді ақша аударымдарын бақылау енгізілген еді. Алайда бұл тек кәсіпкерлік табысты жасыру мақсатында аударым жасайтындарға қатысты жүргізілетіні бірнеше рет айтылған.

Бұдан бөлек, Мемлекеттік кірістер комитеті туыстар арасындағы аударымдар ешқандай шектеуге жатпайды, шотқа түскен қаражаттың кімнен келгені маңызды фактор ретінде қарастырылатынын тағы да еске салды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button