Оксфорд университетінде докторантурада білім алып жүрген қазақстандық Меруерт Бижанова Teaching Fellow академиялық позициясын иеленді. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл лауазым аясында ол ғылыми зерттеулермен қатар, университет студенттеріне дәріс оқып, сабақ жүргізетін болады.
Меруерт Бижанова бұған дейін АҚШ-тағы University of Pennsylvania университетінде магистратураны тәмамдаған. 2025 жылы оған Penn Global Student Citizenship Award сыйлығы табысталды. Бұл марапат шетелдік студенттерге университеттің академиялық және қоғамдық өміріне қосқан елеулі үлесі үшін беріледі. Айта кету керек, UPenn тарихында бұл сыйлықты бұған дейін қазақстандық студенттер алмаған.
Меруерт білім жолын Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде бастап, кейін Nazarbayev University университетін аяқтаған. Одан соң оқуын шетелде жалғастырды. АҚШ-та оқып жүрген кезінде ол ғылыми-зерттеу жобаларына қатысып, оқытушы ассистенті ретінде жұмыс істеген, сондай-ақ студенттік өзін-өзі басқару саласында белсенділік танытқан.
Қазіргі таңда ол Оксфорд университетінде салыстырмалы және халықаралық білім беру бағыты бойынша PhD бағдарламасында білім алуда. Teaching Fellow лауазымына тағайындалуы оның ғылыми қызметімен қатар оқу процесіне тікелей қатысуына мүмкіндік береді.