Синоптиктер 2026 жылғы 29 наурызда елдің бірнеше қаласында ауа сапасы төмендеуі мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Zakon.kz порталына сілтеме жасап.
«Қазгидромет» дерегіне сүйенсек, бұл күні Алматы, Астана, Павлодар, Теміртау, Қарағанды қалаларында, сондай-ақ түнгі уақытта Қостанайда атмосфералық ауаның ластануына әсер ететін қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайлар желдің болмауы немесе әлсіз соғуы, тұман және температуралық инверсия кезінде қалыптасады. Соның салдарынан зиянды заттар ауада таралмай, төменгі қабатта шоғырланады.
Осыған байланысты тұрғындарға ашық ауада, әсіресе көлік көп жүретін аймақтарда ұзақ болмау ұсынылады. Ал тыныс алу, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдарға сыртқа шыққанда қажетті дәрі-дәрмектерін бірге алып жүру кеңес етіледі.
