Білім

3-15 млн теңгеге дейін: Астанадағы жекеменшік мектептерде оқу құны қанша?

Фото: Ulysmedia.kz

Жаңа оқу жылы басталар алдында ата-аналар баласын мектепке дайындап, киімін іздеп, кітап-дәптерін қамдап жатыр. Жаңа оқу жылына даярлық елорда да қызу. Осы ретте Ulysmedia.kzтілшісі елордадағы жекеменшік мектептерде оқу құны қанша екенін анықтап, жаңа оқу жылында ол мектептерде оқу құны қаншалықты өзгергенін шолып шықты.

Қалада қанша жекеменшік мектеп бар

Астанада жалпы білім беретін 180-ге жуық мектеп болса, соның 71 – жекеменшік, жетеуі – республикалық маңызы бар мектеп. Жекеменшік мектептерде 40 мыңнан астам оқушы оқиды.

Елордада жекеменшік мектептер кейінгі 5 жылда жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша көбейді. Халықаралық мектептер филиалын ашып, жеке инвесторлар қаражатын осы салаға салғанда мемлекет «кет» деген жоқ – әрдайым балалары сыймай жататын мектеп мәселесін реттеудің бір амалы деп қарастырды.

Әдетте, жекеменшік мектептерде оқушының киім-кешегі, оқулықтары, тамақтандыруына қарай ақы әртүрлі болады.

Ulysmedia.kz порталына Астана қаласының білім басқармасы жекеменшік мектептердің тізімін жолдады.

Ең қымбат мектептер

Елордада оқу ақысы ең қымбат мектептің бірі – QSI. Мұнда баланы оқыту үшін айына шамамен 1 млн теңгеден артық ақша төлеу керек. Баланы бес жастан бастап қабылдайтын мектепте оқу құны жылына – 28 200 АҚШ доллар. Теңгемен есептегенде 13,5 млн. Былтыр оқу құны – 12 млн теңге болған.

Астанадағы QSI халықаралық мектебі Quality Schools International ұйымының құрамында әрі оқушыны жоғары оқу орындарына түсуге дайындайды. 2005 жылдың қыркүйегінде құрылған QSI халықаралық мектебінде балалар тек ағылшын тілінде оқытылады. Оқу бағдарламасы америкалық AP Capstone Diploma Program бағдарламасына негізделген.

Haileybury Astana

Haileybury Astana халықаралық мектебінде дайындық сыныбынан бастап, 13-сыныпқа дейін білім беріледі. Оқу ордасының балабақшасы да бар. Мәселен, баланы 2 жас үш айдан бастап Haileybury 3,9 млн теңге алады. Даярлық сыныбына 6,9 млн теңге төлеу керек болса, 1-2 сынып үшін ақы 10 млн теңге, 3-6 сынып аралығы 11,8 млн теңге, 7-9 сынып аралығы 13,5 млн теңге, 10-13 сынып аралығындағы балалар үшін 14,8 млн теңге төлеуге тура келеді.

Былтыр жоғары сыныптағы балалар үшін оқу құны 13,3 млн теңге болған. Яғни, Haileybury бағаны биыл көтеріп жатыр.

Spectrum халықаралық мектебі

Бұл мектепте жылдық оқу құны мынадай: 1-5 сыныптар үшін – 7,2 млн теңге, для 6-8 классы – 7,59 млн теңге, 9-12 сыныптар үшін 7,98 млн теңге. Былтырға қарағанда бұл мектепте жылдық оқу құны шамамен 700 мың теңгеге қымбаттаған.

Мектеп 2008 жылы «Нұрорда» халықаралық мектебі атауымен ашылған (2017 жылы атауы өзгерген). 2011 жылы Кембридж халықаралық стандартына ие болған. 2014 жылдан бастап халықаралық мектеп мәртебесіне ие.

Ardingly Astana

Британияның дербес оқу орны Ardingly College мектебінің филиалы – Ardingly Astana мектебі Кембридж оқу бағдарламасы бойынша білім береді. Мектеп сайтында оның түлектері жыл сайын Cambridge, Oxford, Айви Лигасы университеттеріне түсетіні жазылған. Бұл мектепте оқу құны 9-10 млн теңге. Алайда ертерек тіркеліп, ақысын төлегендерге 10-20 пайыз аралығында жеңілдік беріледі.

Canadian халықаралық мектебі

Бұл білім ордасында оқытудың жалпы жылдық құны 5 775 000 теңге. Оны жыл бойы үш бөліп төлетеді. Бірден төлеген ата-анаға 10 пайыздық жеңілдік беріледі. Бұл – Ұлыбритания мен Қазақстандағы кампустары арқылы британ білім беру жүйесіне білім беруді ұсынатын тәуелсіз мектеп. Былтырға қарағанда бұл мектепте оқу құны 275000 теңгеге қымбаттаған.

Мектеп 2008 жылы жұмысын бастаған.

Astana Garden school

Халықаралық бағдарлама бойынша оқытатын Astana Garden мектебіне баланы әуелі тіркеу үшін 500 мың теңге алады. Балаңызды 1-6 сынып аралығында оқыту үшін бұл мектепте 4,1 млн теңге, 7-8 сынып үшін 4,95 млн теңге, 9 сыныпта оқыту үшін 5,5 млн теңге, 10-11 сыныпта оқыту үшін 6,6 млн теңге төлеу керек. Былтырдан бері бұл мектепте оқу құны қымбаттағаны байқалмайды.

Astana Garden мектебі 0-ден 6-сыныпқа дейінгі балаларды үш тілде оқытады. Жоғары сыныптарда әлемнің үздік жоғары оқу орындарына және Назарбаев Университетіне түсіру үшін нәтижелі бағдарлы дайындық жүргізеді.

Miras халықаралық мектебі

Аталған мектепте оқу құны төменгі және жоғары сыныптарға дейін 3,3 млн теңгеден бастап 6,7 млн теңгеге дейін барады.

Халықаралық мектептің негізін Нұрсұлтан Назарбаевтың білім қоры қалаған. «Мирас» Астанада 1999 жылы құрылған. Мекеменің қабырғаларында бес жылдық балалар музыкалық мектебі мен Француз мектебі жұмыс істейді.

Астана халықаралық мектебі

Білім ордасы 2013 жылы ашылған. Сол жылы мектепте 4 сынып пен 10 мұғалім болса, қазір мектепте білім алушылардың саны 1200-ден асады. Қазақстан азаматтарына оқу құны 2,7-4 млн теңге аралығында болса, Қазақстан азаматтығы жоқ азаматтардың балаларына оқу құны 4,2-6,2 млн теңге аралығында.

Riviera School

Riviera International School-да оқу құны – 4 140 000 теңге. Ресми сайтында былтырдан бері тұрған бұл сома өзгермепті.

RIS-тегі білім беру процесі үш тілде: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Сонымен қатар, RIS-те оқушылардың кінші шет тілдерін үйренуге мүмкіндігі бар, бұл олардың Еуропа, Азия және Американың үздік шетелдік университеттеріне түсу және бәсекеге қабілетті болу мүмкіндігін арттырады.

Nurorda

Nurorda мектебінде 1-ші сыныпта баланы оқыту үшін 4 370 000 теңге (+ 655 000 – күніне үш мезгіл тамақтану), 2-3 сыныпта оқыту үшін 4 180 000 теңге, 4-ші сынып үшін 3 960 000 теңге, 5-ші сынып үшін 3 740 000 теңге, 6-шы сынып үшін 3 610 000 теңге, 7-11 сыныптар үшін 3 960 000 теңге төлеу керек. Көрсетілген бағаға оқу ақысы, мектеп формасы, оқулықтар, үйірмелер кіреді.

Былтырдан бері аталған білім ордасында оқу құны шамамен сыныптарына қарай 100-200 мың теңгеге қымбаттаған.
Мектеп 2007 жылы ашылған. «Білім Орда» халықаралық қорына қарайды.

New Generation мектебі

New Generation мектебі былтырдан бері оқу құнын 450 мың теңгеге қымбаттатқан. Ол мектепте баланы оқыту үшін жылына 4 245 000 теңге төлеу керек. Алғашқы тіркеу құны – 500 мың теңге.

New Generation мектебі ресми сайтында оқушыны креативті ойлап, жаңа жобалар мен бағдарламаларды әзірлеуге баулитынын жазады.

Tamos Space school

Tamos Space мектебінде сыныбына қарай оқу құны әртүрлі. Алғашқы тіркеуге мектеп әкімшілігі 300 мың теңге алады. 1-4 сыныпқа (қазақ сыныптарына) дейін мұнда жылдық оқу құны 3,07 млн теңге болса, орыс тіліндегі 1-7 сыныпқа дейінгі оқушыларға оқу құны 3,6 млн теңге. 8-10 сыныпқа дейін оқушыларға 3,8 млн теңге. Бұл бағаға тамақтану, оқу материалы (оқулықтар, жұмыс дәптерлері және басқалар), оқушының өзін-өзі дамытуға арналған интерактивті платформалар және оқу процесінің өзі кіреді.

Жекеменшік мектептің қандай ерекшелігі бар

Жекеменшік мектептердің мемлекеттік мектептерден артықшылығын білу мақсатында белгілі сарапшы, ұлттық мектептер жобасының жетекшісі Аятжан Ахметжанға қоңырау шалғанбыз. Ол ата-аналар балаларын оқытқанда біріншіден, сапалы білім, екіншіден қолайлы жағдай үшін ақша төлейтінін айтады.

– Шыны керек, мемлекеттік мектептерде шартты жағдай жоқтың қасы. Бір сыныпта 40 бала оқиды, екі немесе үш ауысымда оқу жалғаса береді. Зертханалары сұрақ туғызады. Жекеменшік мектептерде бір сыныпта ең көп дегенде – 20 бала. Сонымен қатар, қымбат мектептерде халықаралық стандарттарға сай мектеп бағдарламасынан тысқары әртүрлі пән бар. Материалдық шарт жағдайы, зертхана, бассейнінен бастап әртүрлі спорт үйірмелеріне дейін қамтылған, – дейді сарапшы.

Ірі қалаларда мемлекет субсидиясына күн көріп отырған жекеменшік мектептер де бар. Олар да оқушыларды екі ауысымда оқытады. Аятжан Ахметжанның сөзінше, жекеменшік мектептердің кейбірінде күніне төрт уақыт тамақ беріледі. Мәселен, мемлекеттік мектептің баласы жарты күн мектебінде жүрсе, түстен кейін басқа жердегі үйірмелерге, қосымша білім беру ұйымдарына барады. Ал жекеменшік мектептерде бәрі бір жерде қамтылған.

Әйтсе де, мемлекеттің мектептерге белгілеп берген стандарты бар. Оны жекеменшік мектептер де орындауға міндетті. Ал одан тыс бағдарламаны жекеменшік мектептер оқушыларға ұсына алады. Яғни, мемлекет аптасына “24 сағат бала оқуы тиіс” деп талап қойса, мектептер соны орындайды. 24 сағаттан тыс не оқытады – өзі біледі.

Жекеменшік мектептер – бизнес көзіне айналып кеткен жоқ па

Бұл сұраққа жауап берген Аятжан Ахметжан мемлекеттің стандартты талап етсе, соның қадағалануын да мемлекеттік мектептей бақылауы тиіс деп есептейді. Екіншіден, ата-аналардың сауаттылығы маңызды.

– Егер біз отандық жекеменшік мектептерді қолдай алмасақ, шетелдік жекеменшік мектептердің табысына жұмыс істеп кетеміз. Мысалы, жылына 15 млн теңге алатын мектепте кемі 800 бала оқиды. Ал ол мектептің құрылтайшысы – басқа елде. Бұл мемлекеттің экономикасының сыртқа шашылуы.

Идеология мәселесі бар. Шетелдік мектептердің филиалы біздің елде көптеу әрі олар қымбаттау. Олар көбінде ағылшын және орыс тілді мектептер. Олардың идеологиялық мәселесімен кім айналысады деген сұрақ туады. Ал қазақ тілді орта ақылы мектепті әлі толық қабылдап үйренген жоқ. Мойындау керек. Астанада жекеменшік 60-тан аса мектептің тек бесеуі қазақша. Ал 5-11 сынып арасында таза қазақша оқытатын біздікінен (QAZBILIM) басқа таза қазақ мектебі жоқ. Сондықтан, идеология – ойланатын мәселе, – дейді ол.

  • Сарапшы жекеменшік мектепке лицензия беретін кезде оларға қазақ сыныбын ашу жөнінде талап қою керектігін атап өтеді.
Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close