Жаңалықтар
«3 бөлмелі пәтер мен 2 млн. 684 000 теңге ақшалай төлем»: Жамбыл облысы Елдос Сметовке қандай сый беретіні белгілі болды
коллаж jambylinfo.kz.
Париж төрінде топ жарған жампозға жергілікті билік баспана сыйлап, ай сайынғы ақшалай жабдықталым төлемдерін төлейді.
Олимпиада чемпионы атанған Елдос Сметовке Жамбыл облысы тарапынан Тараз қаласынан 3 бөлмелі пәтердің кілті табыс етіліп, келесі Олимпиада ойындарына дейін 727 АЕК көлемінде ай сайынғы ақшалай жабдықталым төлемдері төленеді. (Бұл шамамен 2 млн. 684 084 мың теңге), деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков Jambylinfo.kz. тілшісіне берген сұхбатында айтты.
«Олимпиада чемпионына облыс тарапынан «Олимпиадалық, Паралимпиадалық және Сурдлимпиадалық ойындардың чемпиондары мен жүлдегерлеріне тұрғынжай беру және оны пайдалану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 20 сәуірдегі № 97 бұйрығына сәйкес 3 бөлмелі пәтер беріледі. Сонымен қатар, 2017 жылғы 27 қарашасындағы Жамбыл облысы әкімдігінің №262 қаулысына сәйкес Олимпиада ойындарына дейін 727 АЕК көлемінде ай сайынғы ақшалай жабдықталым төлемдері төленеді», – деді ол.
Еске салайық, ХХХlll жазғы Олимпиада ойындарында ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, жамбылдық Елдос Сметов жеңіске жетіп, чемпион атанды. Жерлесіміз төртжылдықтың басты додасында 3 мәрте жүлде алып, ел тарихында дзюдодан Олимпиаданың тұңғыш чемпионы атанып отыр.