
Шығыс Қазақстан облысында заңсыз алтын өндірген адамдар тобы анықталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, Марқакөл ауданындағы Ақбұлақ ауылының маңында тиісті рұқсат құжаттарынсыз құрамында алтыны бар кен өндіріліп, өңделген.
Алдын ала мәлімет бойынша, заңсыз жұмыстардың салдарынан қоршаған ортаға елеулі зиян келтірілген. Атап айтқанда, топырақтың құнарлы қабаты бүлініп, жер бедерінің табиғи құрылымы бұзылған және өзен арнасы өзгерген.
Заңсыз өндіріс шамамен 30 гектар аумақта ауыр арнайы техника мен өндірістік кешендерді пайдалану арқылы жүргізілген. Оған 30-дан астам адам, оның ішінде Қытай Халық Республикасының азаматтары тартылған.
Тінту барысында алты 40 тонналық жүк көлігі, төрт шынжыр табанды экскаватор, бір тиегіш және алтынды кенді өндіру мен жууға арналған екі өндірістік кешен тәркіленді.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.



