Алматы қаласында тау туризмін дамыту мақсатында Шымбұлақ пен Oi-Qaragai курорттарын арқан жолдары арқылы біріктіру жоспарланып отыр. Жоба жүзеге асса, қалада жыл бойы жұмыс істейтін, әлемдік деңгейдегі ірі туристік кластер құрылып, қосымша 1 миллионға жуық турист тарту көзделген. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы shyndyk.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, қазіргі таңда қолданыстағы тау курорттары шамадан тыс жүктеліп отыр. Мәселен, Іле-Алатау ұлттық паркі биылғы 10 айда 901 мың турист қабылдаса, Шымбұлаққ 1,1 миллион адам келген. Ал мереке күндері келушілер саны 15 мыңға дейін жетіп, тау трассалары мен арқан жолдарына салмақ түсіруде.
Осы мәселені шешу және туристік ағынды арттыру үшін тау кластерін дамыту жобасы аясында Шымбұлақ пен Oi-Qaragai курорттарын арқан жолдары арқылы байланыстыру көзделіп отыр.
«Жоба нәтижесінде шетелдік туристер саны 1 миллион адамға дейін артады деп күтілуде. Оның ішінде 686 мыңы Алматы қаласына, 300 мыңы Алматы облысына тиесілі болады. Ал жобаның қала экономикасына жыл сайынғы үлесі 300 млрд теңге көлемінде бағаланып отыр», — деді қала әкімі.
Сондай-ақ Дархан Сатыбалдының айтуынша, тау кластерін дамыту шамамен 10 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, 25-ке жуық қонақүйдің құрылысы басталып, жоба қала бюджетіне 100 млрд теңге көлемінде салық түсімін қамтамасыз етеді.



