Жаңалықтар

Қазақстан медициналық хаб болу мүмкіндігінен айырылып қалуы мүмкін – депутат дабыл қақты

Фото:ашық дереккөз
Қазақстан Орталық Азиядағы медициналық хабқа айналу мүмкіндігінен айырылып қалуы ықтимал. Осындай алаңдаушылықты бүгін Мәжілісте Respublica фракциясының депутаты Нұргүл Тау депутаттық сауалында жеткізді, деп жазды qandastar.kz

Оның айтуынша, соңғы екі жылда Қазақстанға келген шетелдік пациенттер саны 1 200-ден 80 мыңға дейін өскен. Алайда бұл жетістік уақытша ғана болуы мүмкін, егер жүйелі кедергілер жойылмаса.

  • «Біздің клиникалар сапасын әлдеқашан дәлелдеді: олардың тоғызы халықаралық JCI аккредитациясын алды. Жүрекке шунттау сияқты күрделі операциялар АҚШ немесе Сингапурға қарағанда ондаған есе арзан. Бірақ бұл артықшылықтың бәрі мәнсіз, егер сервис, логистика және ілгерілету жолға қойылмаса. Қазір шетелдік науқастар үшін Қазақстанға келіп емделу өте қиын, ал бұл – саланың басты қатері», – деді Нұргүл Тау.

Өсімді тежеп тұрған негізгі мәселелер:

  • Арнайы медициналық виза жоқ, пациенттер туристік немесе іскерлік визамен кіреді;
  • Клиникалар мен туроператорлар арасында байланыс орнамаған;
  • Сервис пен сүйемелдеудің деңгейі төмен, «бір терезе» қағидаты жоқ;
  • Қазақстан медицинасының мүмкіндіктері әлемге жеткілікті таныстырылмаған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен нейрохирургтар конгресінде:
«Біз медициналық туризмді дамытудың зор әлеуетін көріп отырмыз. Қазақстан шекарааралық тұрақты байланыстар орнатып, басқа елдердің азаматтарына жоғары технологиялық медициналық қызметтер ұсынуға дайын. Бұл – денсаулық сақтау жүйесін нығайтып қана қоймай, экономикаға да жаңа мүмкіндіктер әкелетін стратегиялық басымдық», – деп атап өткен болатын.

Бұл ретте, Нұргүл Таудың пікірінше, Президент байқап, басымдық берген биік мақсаттарға қол жеткізу үшін жүйелі кедергілерді шешу маңызды.

«Біз Түркия немесе Үндістанмен медицина сапасы мен баға жағынан бәсекелесе аламыз. Бірақ сервис пен кіру жеңілдігі бойынша ұтылып жатырмыз. Мұндай жағдайда шетелдік науқастар Қазақстанды таңдамайды. Жедел шешім қабылдамасақ, жаңа ғана игере бастаған нарықтан айырылып қаламыз», – деді депутат.

Respublica фракциясы Үкіметке медициналық туризмді дамытудың ұлттық бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Депутаттар ұсынған шаралар қатарында:
• медициналық туристерге электрондық виза енгізу;
• медициналық туризмнің бірыңғай операторын құру;
• халықаралық аккредитация алған клиникалардың санын көбейту;
• Kazakh Tourism арқылы әлемге Қазақстан медицинасын таныту;
• сервис сапасын көтеру үшін шетелдік мамандарды тарту.

«Қазақстан Орталық Азиядағы жетекші медициналық хаб бола алады. Бірақ оған жету үшін құр сөз емес, жүйелі іс-қимыл қажет», – деп қорытындылады Нұргүл Тау.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button