Жаңалықтар

Қазақстанда инфляция мен тарифтердің өсуіне қарсы шұғыл шаралар қабылданды

Президент тапсырмасына сәйкес, Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және реформалардың халыққа теріс әсерін азайту үшін бірқатар маңызды шешімдер қабылдады. Бұл туралы Премьер-министрдің төрағалығымен өткен кеңесте белгілі болды, деп жазды qandastar.kz

1. ЖЖМ бағасына мораторий енгізілді
2025 жылғы 16 қазаннан бастап АИ-92 бензині мен дизель отынының бағасын көтеруге шектеу қойылды. Бұл шешім инфляцияны тежеуге бағытталған. Энергетика министрлігіне өңірлермен бірлесіп, ЖЖМ нарығын тұрақты бақылау тапсырылды.

2. Коммуналдық тарифтер 2026 жылдың көктеміне дейін өспейді
Коммуналдық қызмет тарифтері барлық тұтынушылар үшін 2026 жылдың І тоқсанының соңына дейін өспейді. Табиғи монополиялар шығынын оңтайландыру арқылы тарифтер тұрақталады. Әлеуметтік осал топтарға тұрғын үй көмегі сақталады.

Сондай-ақ, азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін ауыл шаруашылығын қаржыландыру көлемі екі есе ұлғайтылады, делдалдық схемаларға қарсы бақылау күшейтіледі.

3. ШОБ-ты қолдауға бағытталған салықтық өзгерістер
Жаңа Салық кодексі аясында шағын бизнеске салынатын артық шектеулер алынып тасталады. 2026 жылдан бастап микро және шағын бизнеске салықтық тексерулер жүргізілмейді, ал өсімпұлдар мен айыппұлдар негізгі қарыз өтелген жағдайда кешіріледі.

4. Халық үшін ипотека қолжетімді болады
Базалық мөлшерлеменің өсуіне байланысты ипотекалық қолжетімділікті арттыру көзделіп отыр. «Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» бағдарламалары арқылы несиелеу көлемі 500 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады. Сондай-ақ, «Әскери баспана» бағдарламасы қайта іске қосылады. Құрылыс компаниялары үш жылға бағаны ұстап тұруға міндеттеледі.

Аталған шаралар халықтың әл-ауқатын қолдауға және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Back to top button