
Аптап ыстық республикалық маңызы бар бірнеше трассаға әсер етті.
Астана–Щучинск және Астана–Павлодар бағыттарындағы цементбетон жолдарда ақау белгілері анықталып, мамандар шұғыл жөндеу жұмыстарына кірісті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Павлодар облысында жоспарлы тексеру кезінде жол плиталарында ішкі кернеудің күшеюі байқалған.
Қауіпті учаске дер кезінде анықталып, уақытша жол белгілері орнатылды. Қазір мамандар бетондағы кернеуді азайтып, кейіннен жол жабындысын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде.
Ал Ақмола облысындағы Астана–Щучинск тасжолының бір бөлігінде бетон жабындысының көтерілуі тіркелді. Осыған байланысты полиция қозғалысты уақытша реттеп, жол қызметтері ақауды жоюға дереу кіріскен.
Мамандардың айтуынша, жоғары температура кезінде бетон плиталары кеңейіп, кей жағдайда жекелеген учаскелерде деформация пайда болуы мүмкін. Мұндай жағдайлар әлемдегі цементбетон жолдары бар көптеген елдерде кездеседі және тұрақты бақылау арқылы алдын алынады.
Қазір екі учаскедегі жағдай бақылауда. Жүргізушілерге жөндеу жұмыстары жүріп жатқан аймақтарда жылдамдықты төмендетіп, уақытша жол белгілерінің талаптарын сақтау ұсынылды.



