
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жедел жәрдем қызметкерлеріне арнап үндеу жариялап, олардың еңбегінің қоғам үшін айрықша маңызды екенін атап өтті. Министр бұл туралы Instagram парақшасында жариялаған жазбасында айтып, саладағы еңбек жағдайы мен жалақы мәселесі мұқият қарастырылып жатқанын жеткізді, деп хабарлайды qandastar.kz
Әлназарованың айтуынша, жедел жәрдем қызметінде жұмыс істейтін мамандардың тәулік бойы атқаратын қызметі ерекше бағалануы тиіс.
«Сіздер қиындыққа тап болған адамдарға бірінші болып көмек көрсететін жандарсыздар. Күн сайын ауыр жағдайлармен бетпе-бет келіп, тәуекелге барып, психологиялық тұрғыда зор жүктемеге төзесіздер. Соған қарамастан, адамдардың өмірін құтқарудан ешқашан бас тартпайсыздар. Мұндай еңбекті құрметтемеу мүмкін емес», – деді министр.
Министрліктің мәліметінше, соңғы бірнеше айда жедел жәрдем саласында орын алып отырған барлық мәселе жан-жақты зерттеліп келеді. Еңбек жағдайын талдау, жалақы жүйесін жаңарту, кадрлық жағдайға баға беру және қосымша аудит жүргізу – басты бағыттардың бірі.
«Әділ шешім қабылдау үшін жүктеме деңгейі мен кадр тапшылығына қатысты қосымша аудит жүргізуді тапсырдым. Жақын уақытта нақты шешімдерді ұсынамыз деп сенемін», – деді Әлназарова.
Министр медицина қызметкерлерінің өз мәселелерін ашық айтуға толық құқығы бар екенін ерекше атап өтті.
«Әрбір қызметкердің дауысы маңызды. Проблемаларды айту – заңды әрі қажетті қадам. Мен денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жағдайын жақсартуға бағытталған ашық және конструктивті диалогты қолдаймын», – деді министр.
Сонымен қатар ол қандай да бір қысым көрсету әрекеттеріне жол берілмейтінін қадап айтты.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Шу ауданында жұмыс істейтін жедел жәрдем мамандарының бейнеүндеуі тараған болатын. Олар жеке ғимараттың жоқтығын, талапқа сай келмейтін жалдамалы бөлмелерде жұмыс істейтінін, электр қуатының жиі ажырайтынын, сондай-ақ пациенттерді кейбір медициналық мекемелерге жеткізуде қиындықтар бар екенін мәлімдеді.
Сонымен бірге инфекциялық науқастармен жұмыс істегеніне қарамастан, еңбекақылары атқаратын жұмыстың жауапкершілік деңгейіне сай еместігін де айтқан.



