Ақмола облысының прокуратурасы аңшылар мен балықшылар арасында табиғат қорғау заңнамасын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын өткізді, деп жазады qandastar.kz сайты Ақмола облысының прокуратурасына сілтеме жасап.
Іс-шаралар барысында аңшылық пен балық аулаудың заңдылығы, браконьерлікке жол бермеу және табиғи ресурстарды қорғау мәселелеріне баса назар аударылды. Қатысушыларға қолданыстағы заң талаптары мен оларды бұзған жағдайда көзделген жауапкершілік түсіндірілді.
Прокуратураның мәліметінше, 2025 жылы аңшылық және балық аулау ережелерін бұзғаны үшін шамамен 400 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 8,5 миллион теңгені құраған. Сондай-ақ, сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне 11 қылмыстық іс тіркелген.
Құқық қорғау органдары аңшылар мен балықшыларды заң талаптарын қатаң сақтауға, браконьерлікке жол бермеуге және табиғи ресурстарға ұқыпты қарауға шақырады.



