Австралияның Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында қазақстандық ерлі-зайыптылар Crown Sydney казиносын 1,18 миллион АҚШ долларына алдады деген күдікпен тұтқындалды. Бұл туралы qandastar.kz The Guardian басылымына сілтеме жасап хабарлады.
Полицияның мәліметінше, 36 жастағы Дильноза Исраилова мен 44 жастағы Алишерходжа Исраилов арнайы жасырылған бейнекамера мен құлаққаптарды пайдаланып, казино үстелдеріндегі ойындарды сырттан бақылап, нұсқаулар алып отырған.
Казино қызметкерлері әйелдің футболкасына бекітілген кішкентай жасырын камераны байқап қалған. Шақырылған полиция оқиға орнында ерлі-зайыптыларды қамауға алды. Тінту барысында магниттелген зондтар, арнайы телефон бекіткіші, шағын айна, жасырын құлаққаптар, сондай-ақ қымбат әшекейлер мен 2000 еуро табылды.
Тергеу дерегі бойынша, олар қазан айында Қазақстаннан Сиднейге келген, сол күні казиноға мүшелік рәсімдеген және қазан-қараша айларында бірнеше рет келіп, ірі сомада ұтысқа ие болып отырған. Бұл әрекеттер казино әкімшілігінің күдігін тудырған.
Ерлі-зайыптылар кепілмен босатудан бас тартты. Дильноза Исраилова ақпанда сотқа келеді, ал Алишерходжа Исраиловтың ісі 11 желтоқсанда Даунинг-Орталық жергілікті сотында қаралады.



