Шымкент қаласында Нұрай Серікбайдың қаза табуына байланысты қылмыстық іс бойынша жаңа мәліметтер белгілі болды. Күдікті ретінде танылған Шерхан Аймаханның танымал блогер Мағжан Аймаханның туысы екені анықталды. Бұл туралы Qandastar.kz порталы Instagram желісіндегі Bairaqmedia парақшасына сілтеме жасап.
Осыған байланысты Мағжан Аймахан әлеуметтік желіде видео жариялап, жағдайға қатысты өз түсініктемесін берді. Оның айтуынша, Шерхан Аймахан – әкесінің інісінің баласы, яғни жақын туысы.
«Ешбір ата-ана баласының қатігез, зұлым болғанын қаламайды. Бұл жағдай біз үшін де өте ауыр. Қызынан айырылған отбасының қайғысын ешкімге тілемейміз. Соттың әділ өткенін қалаймыз. Қанша өкініш білдірсек те, Нұрайдың орны толмайды. Сондықтан шын жүректен дұға етеміз», – деді блогер.
Сондай-ақ ол әлеуметтік желіде «блогердің туысы болғандықтан іс әділ қаралмайды» деген әңгімелердің тарағанын айтып, бұған қарсы пікір білдірді.
«Қанша туысымыз болса да, бұл істе әділ жаза мен соттың әділ шешімі шыққанын қалаймыз. Кінәсіз адамдарға жала жаппай, қазір Нұрай үшін дұға етейік. Ал қылмыс жасаған адам заң алдында тиісті жазасын алсын», – деп атап өтті Матжан Аймахан.
Айта кетейік, Нұрай Серікбайды пышақтап өлтірді деген күдікке ілінген Шерхан Аймахан сот санкциясымен екі айға қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.



