Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

«Азаматтарға арналған үкіметке» қатысты дау шықты

Алматы облысында кезекті жемқорлық дауының белгілері байқалуда. Бұл туралы журналист Михаил Козачков өзінің Facebook парақшасында мәлімдеді, деп жазады Qandastar.kz.

Журналистің айтуынша, оның Telegram-арнасының кері байланыс боты арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы облысы бойынша филиалының басшысы Талғат Бектұрсыновқа қатысты ақпарат түскен.

Дереккөздің мәліметінше, 2025 жылдың ақпан айында Талғат Бектұрсынов қызметтік Toyota автокөлігінің жүргізушісі ретінде Виктор Козыревті жұмысқа қабылдаған. Бұл фактіні растайтын бұйрықтың көшірмесі журналистің қолында бар екені айтылды.

Алайда, ақпаратқа сәйкес, Козырев жұмыс орнында мүлде болмаған, Қонаев қаласына келмеген және қызметтік көлікті басқармаған. Керісінше, ол Кеген ауданында, Бектұрсыновтың жеке қожалығында жұмыс істеп, сол жерде тұрақты тұрғаны хабарланады.

Қосымша құжаттар мен түсініктеме

Михаил Козачковқа тек Козыревтің жұмысқа орналасуына қатысты құжаттар ғана емес, сонымен қатар «Азаматтарға арналған үкіметтің» тағы бір қызметкері Азамат Айтмолдановтың түсініктемесі де жолданған.

Түсініктемеде Айтмолдановтың өткен жылдың соңында Кеген ауданына іссапармен барып, жабдық орнатумен айналысқаны көрсетілген. Сол сапар барысында оған Талғат Бектұрсынов қоңырау шалып, Бөлексаз ауылындағы фазендаға баруды тапсырған. Оған жергілікті ХҚКО басшысы жеткізіп салған.

Аталған фазендада Айтмолданов бейнебақылау камераларын орнатып, сол жерде Виктор Козыревпен кездескен. Козырев өз сөзінде бұл жерде тұрақты тұратынын, мал мен техниканы қарап отырғанын айтқан. Құжатта бұл шаруашылықтың іс жүзінде Талғат Бектұрсыновқа тиесілі екені көрсетілген.

Қылмыстық бапқа сәйкес келуі мүмкін

Журналистің пікірінше, егер бұл ақпарат расталса, филиал басшысы өз қызметін пайдаланып, нақты жұмыс атқармаған адамды мемлекеттік мекемеге тіркеп, жеке қызметіне жеккен болып шығады.

Михаил Козачков мұндай әрекеттер бұрын Қылмыстық кодекстің 362-бабы – «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» бойынша сараланған істерде кездескенін атап өтті.

Сондай-ақ журналист бұл жағдайға «Азаматтарға арналған үкімет» НАО басқарма төрағасы Арман Кенжегалиевтің қандай баға беретіні қызық екенін жеткізді.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button