Жаңалықтар
5 миллион теңге: Тәрбиеші Алматыдағы бөбектер үйінің қомақты қаржыға бала асырауға беретінін айтты
Фото: видеодан скрин
Бөбектері үйінің тәрбиешісі ойда-жоқта мекеменің ақша үшін балаға қорғаншылық беретінін білген. Мекеме басшысы қызметкерінің бұл сөзін жоққа шығарды. Бұл туралы qandastar.kz КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бөбектер үйінде 27 жыл қызмет етіп келген Гүлмира түсініксіз жағдайдың куәсі болған. Айтуынша, мекемеге қымбат көлік мінген кәсіпкерлер өзін “демеушімін” деп таныстырып, жиі келеді. Сөйтіп олар қызметкерлерін ілестіріп, балаларды ойын-сауық орталықтарына өзімен алып кетеді. Кейінірек кәсіпкерлер Муслима есімді екі жастағы қыз туралы сұрастыра бастаған.
“Белгісіз адамдар өзін “демеушімін” деп таныстырып, балаларды алып кетуідің жолын іздейді. Олар Муслима есімді баланы ұнатып, тіпті алып кететіндерін айтты. Алғаш келгенде кәмпит таратты. Сосын тағы келіп, баланы алып шығуымызды сұрайды. Заң бойынша бөгде адамдардың баламен сөйлесуіне рұқсат жоқ. Олар маған қыздың құжаттарын рәсімдеуге көмектесетін таныстары барын айтты. Сөйтіп олар қызға апта сайын келіп тұратын болды. Бірде олар порталдан табылып, қызға қорғаншы болуға рұқсат алды. Дәл Муслиманың туған күнінде қызды ойын-сауық орталығына алып кетті”, – дейді тәрбиеші.
Гүлмираның айтуынша, мекемеде 4 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленеді. Алайда көбіне бала асырап алғысы келетін адамдар жаңа туған нәрестені алуға әуес. Осыған байланысты, әйел мекеме қомақты қаржыға қорғаншылық рәсімдейді деген болжамға келді. Тәрбиеші осыдан бес ай бұрын ата-ана туғанына 7 күн болған баланы асырап алғанын айтады. Нәрестені перзентханадан әкеле салып, құжатын рәсімдеуге алып кетті. Гүлмира жаңа туған баланы қалайшы тез асырап алуға болады деп таңғалғанда әлгі әйел “5 миллион теңге берсең көмектесемін” деген екен.
Бұл туралы мекеме басшылығына айтқанда бастық оған ашуланып, қатаң сөгіс жариялаған. Мекеме директорының айтуынша, тәрбиеші бұған дейін Муслима есімді қызды өзі асырап алғысы келген. Алайда оған қорғаншылыққа рұқсат берілмеді. Сол себепті әйел осылайша кек алмақ болған дейді.
Мекеме өкілдері демеушілердің келгенін жоққа шығармайды. Олар балалардың жанына тәрбиешілерді ілестіріп ойын-сауық орталығына апарды. Директордың айтуынша, мұндай серуендер баланың қоғамға үйренісіп, сіңісуі үшін қажет. Алайда ол балалардың кәсіпкерлерге ақша үшін берілгені туралы айыптауларды жоққа шығарды.
“ – Балаларды таныс арқылы асырап алынғаны туралы ақпаратты растайсыз ба?
– Жоқ, әрине. Ол қалай болмақ? Электронды портал бар. Онда асфрап алуға болатын балалардың тізімі бар. Онда ана-аналар мектебінен өткен адамдар ғана кіре алады.
– Бала асырап алған аналардың бірі 5 миллион берсе еш кедергісіз қорғаншылық алуға көмектесетінін айтқан екен. Бұл туралы не айтасыз?
– Ол түрлі нәрсені айтуы мүмкін. 5 миллион теңгені кімге беруге болатынын дәлелдесін. Баланы өздігімен алып кетуге болмайды”, – дейді Алматы қаласындағы «Мамандандырылған бөбектер үйі» КММ директоры Айдар Мамедов.
Қазір бөбектер үйінде 24 бала тәрбиеленіп жатыр. Жаңа туылған нәрестелер перзентханадан бірден бөбектер үйіне келеді. Сөйтіп 4 жасына дейін сонда болып, кейін балалар үйіне жіберіледі.
Білім бөлімінің мәліметінше, қазір бала асырап алу оңай емес. Өтініш берушілер қамқоршылық органдарына жүгінеді, онда мамандар олардың қаржылық және тұрмыстық жағдайын зерттейді. Сонымен қатар үміткерлер патронаттық ата-аналар мектебінде оқудан өтуі керек. Сондан кейін ғана бала асырап алуға мүмкіндік алады.
“Олар балалармен танысу үшін кезекке тұрады. Егер ата-ана балаға ұнаса, баланы таңдап, кейіннен қорғаншылық органдарына немесе баланың орналасқан жеріндегі сотқа баланы асырап алу туралы өтініш береді”, – дейді Алматы қаласы Медеу аудандық білім бөлімінің бас маманы Арман Жеделов.
Гүлмира мекемеге қатысты полицияға арыз түсірген. Қазір полиция тексеру жұмыстарын жүгізіп жатыр.
“Қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайда шаралар қабылданып, бұл дерек сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіледі. Қазіргі уақытта аталған дерекке қатысты тексеру жұмыстары жүргізілуде. Дәлелдер расталған жағдайда заңға сәйкес шаралар қолданылады”, – деді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.