Жаңалықтар

5000 қазақстандық жас спорт алаңдарын тазартты

Фото: Дала қырандары

Бүгін Астанадағы Триатлон саябағы мен басқа да қалалардағы спорт алаңдары ерекше қозғалысқа толды. Еліміздің 20-дан астам қаласында LED-экран арқылы тікелей көрсетілген #жаттығу жобасы жаңа маусымын ашты.

Бұл ел бойынша 5000-ға жуық жастың бір уақытта бір ритммен қимылдап, тазалық пен тәртіпке үн қосқан күн болды. #жаттығу – бұл жай ғана таңғы дене жаттығуы емес. Бұл – жастардың жауапкершілік пен қоғамға қызмет ету мәдениетін қалыптастыруға арналған қозғалысы. 2022 жылы «Дала Қырандары» ұйымының бастамасымен іске қосылған бұл жоба бүгінде мыңдаған жасқа үлгі болып отыр.

 

Астанадағы іс-шараны ашқан ұйым үйлестірушісі Нұрғали Тұрсынғазиев «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының мәнін ерекше атап өтті, деп жазды qandastar.kz

«Қазақстанның қаншалықты таза болатыны – өзімізге байланысты. Тазалық жинаған жерде емес, ластамайтын жерде болады. Біз ауладан бастап, қаламызға дейін жауапкершілікті өз мойнымызға аламыз. Бұл – біздің өмір салтымыз болуы тиіс», – деді ол.

 

Сөйтіп Нұрғали Тұрсынғазиев жаттығуға старт беріп, елордалық қырандармен бірге сергіту жаттығуын бастады. Жаттығудан кейін қатысушылар бірден сенбілікке көшті. Парк аумағы тазартылып, спорт жабдықтары жаңартылды. Әр жаттығу алаңында ақпараттық тақталар орнатылып, енді ол жерде қала тұрғындарына арналған тегін жаттығу кестесі жарияланып отырады. Іс-шара қатысушысы, ұйымның белсенді мүшесі Сағида Зейнадилова спорттық жиынға қатысты ойын айтты.

«Жаттығу құрылғылары сынбасын, балалар үшін қауіпсіз орта қалыптассын десек — тазалық пен тәртіпті сақтау мәдениетке айналуы керек. Біз әр аулада үлгі көрсеткіміз келеді. Бүгін бізбен бірге 5000 жас Қазақстанның түкпір-түкпірінде өз алаңын таңдады. Енді әрбір алаңға «қырандар» жауапты болады», – деді ол.

 

#жаттығу жобасы Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігінің ресми қолдауымен жүзеге асып келеді. 2024 жылы жасалған меморандум нәтижесінде жобаның ауқымы кеңейіп, тек физикалық белсенділік емес, қоғамдық сана мен ортақ жауапкершілікке басымдық беріліп келеді.

Астанадан басталған жаттығу эстафетасы Шымкент, Қарағанды, Орал, Семей сияқты қалаларға таралып, бір күнде 5000-нан астам жас ортақ миссияны қолға алды – өз қаласын, өз аулаларын таза, қауіпсіз әрі тартымды ету.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close