ЖаңалықтарСпорт

Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитов елге оралды

2026 жылғы Қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитов Қазақстанға оралды.

Спортшыны Астана әуежайында оның отбасы мүшелері, жанкүйерлері және спорт қауымдастығының өкілдері қарсы алды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Италияда өткен Паралимпиада ойындарында қазақстандық спортшы парабиатлоннан алтын медаль, ал шаңғы жарысынан қола жүлде жеңіп алды.

Осылайша ол 2026 жылғы Қысқы Паралимпиадада екі түрлі дисциплина бойынша жүлде алып, жеңіс тұғырына көтерілген алғашқы қазақстандық спортшы атанды.

Спортшы өз сөзінде бұл жетістікке жету жолында ел сенімін ақтауға бар күшін салғанын айтты.

«Осыдан екі ай бұрын мемлекет басшысы маған ел туын табыс етті. Мен Қысқы Паралимпиада ойындарында Қазақстанның туын көтеріп, Әнұранымыздың ойналуы үшін барымды салуға уәде бердім. Бұл туралы күнделігіме де, әлеуметтік желідегі парақшама да жазған едім. Арманым орындалды. Бапкерлеріме, командама және спорт министрлігіне алғысымды білдіремін», – деді Ербол Хамитов.

Әуежайда сөз сөйлеген Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов паралимпиадашының жеңісі тек спортшының ғана емес, оның бапкерлері мен бүкіл командасының еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.

Спорттағы жоғары жетістіктері үшін Ербол Хамитовқа Астана қаласынан екі бөлмелі пәтердің сертификаты табыс етілді.

 

Back to top button