Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Отбасылық «бизнес» әшкереленді: Ақмолада әкесі ұлын есірткі жасауға үйреткен

Ақмола облысында синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан ірі жасырын зертхана анықталып, қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.

Жедел іс-шаралар барысында 54 жастағы ер адам мен оның 26 жастағы ұлы ұсталды.

Тергеу мәліметінше, күдікті әкесі өз баласын заңсыз әрекетке тартып, есірткі өндіру процесін толық меңгеруге ықпал еткен.

Арнайы операция кезінде құқық қорғау органдары 200 келіге жуық мефедрон, 2 тоннадан астам прекурсор, сондай-ақ химиялық реактор мен басқа да өндірістік жабдықтарды тәркіледі. Сарапшылардың есебінше, алынған есірткі көлемі шамамен 600 мың бір реттік дозаға тең.

ІІМ өкілдерінің айтуынша, бұл өнімдер заңсыз айналымға түскен жағдайда, қоғамға айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін еді. Қара нарықтағы жалпы құны 5 миллиард теңгеден асып, шамамен 10 миллион АҚШ долларына бағаланады.

Сонымен қатар, тергеу барысында прекурсорларды еліміздің өзге өңірлеріне жеткізу жоспары болғаны анықталды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, қосымша мән-жайлар тексеріліп жатыр.

Құзырлы органдар есірткі қылмысына қарсы күрес бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button