Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Камера қателессе не істеу керек? Қате айыппұлды қалай даулауға болады

Қазақстанда жол қозғалысын бақылайтын камералар кейде жүргізушілерге қате айыппұл тіркеп жатады. Мұндай жағдайда жүргізуші айыппұлды бірден төлеуге асықпай, оның заңдылығын тексеріп, қажет болған жағдайда шағым түсіре алады. Қате айыппұлды қалай даулауға болады, қандай мерзімдер сақталуы тиіс және 50 пайыздық жеңілдікке қатысты қандай талаптар бар? Stan.kz тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеді.

Қазақстанда жол қозғалысын бақылайтын камералар кейде жүргізушінің әрекетін қате танып, негізсіз айыппұл тіркейтін жағдайлар кездеседі. Мысалы, кейбір жүргізушілерге көлік жүргізу кезінде телефон қолданды деген айыппұл келгенімен, тіркелген суреттен телефон анық көрінбейді. Осындай оқиғалардың бірінде жүргізуші қолын құлағына жақын ұстап отырғаны үшін камера оны телефон пайдаланып жатыр деп бағалап, 10 АЕК (43 250 теңге) көлемінде айыппұл салған, дейді Qandastar.kz.

Тағы бір жағдайда Алматыда камера алдыңғы орындықтағы үлкен ақ сөмкені жолаушы деп қабылдап, қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін айыппұл тіркеген. Алайда полиция толық бейнежазбаны қарап, көлік тізгініндегі жүргізушінің өзі қауіпсіздік белдігін тақпағанын анықтағандықтан, айыппұл күшінде қалған.

Желі кадрларынан скрин

Ал Жамбыл облысында Volvo жүк көлігінің мемлекеттік нөміріндегі «Е» әрпі қағазбен жабылып, сырт көзге «F» әрпіне ұқсап көрінген. Жүргізуші мұны байқамағанын айтып түсіндіргенімен, сот оны кінәлі деп танып, үш тәулікке әкімшілік қамауға алып, бір жылға көлік басқару құқығынан айырған.

Желі кадрларынан скрин

Бұл – камералар тіркеген даулы жағдайлардың бірнешеуі ғана. Егер жүргізуші салынған айыппұлмен келіспесе, оны заң аясында даулауға құқылы.

Қате айыппұл келген жағдайда не істеу керек?

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, камера тіркеген айыппұлмен келіспеген жүргізуші алдымен оның материалдарын тексеруі қажет. Ол үшін Qamqor.gov.kz порталындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға арналған сервис арқылы құқық бұзушылыққа қатысты фото және бейнематериалдарды көруге болады.

Егер жүргізуші камераның қателескеніне сенімді болса, сол жүйе арқылы электронды түрде шағым жолдай алады. Өтінішке құқық бұзушылықтың болмағанын дәлелдейтін фото, бейне немесе басқа да материалдарды тіркеуге мүмкіндік бар.

Министрлік камера арқылы тіркелген құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік, негізінен, көлік иесіне жүктелетінін еске салады. Дегенмен, құқық бұзушылық кезінде көлікті басқа адам басқарған болса, көлік иесі нақты жүргізушінің деректерін ұсына алады.

Сонымен қатар заң бойынша бір құқық бұзушылық үшін екі рет айыппұл салынбауы тиіс. Егер бір оқиғаға байланысты бірнеше қаулы шығарылса, жүргізуші олардың заңдылығына шағымдануға құқылы.

Шағым қалай қаралады?

Шағым қаралғаннан кейін жүргізушінің дәлелдері расталса, әкімшілік қаулының күші жойылады. Ал айыппұл бұрын төленіп қойған болса, ол белгіленген тәртіппен қайтарылады.

Айыппұлға шағым беру мерзімі – 10 тәулік. Бұл уақыт қаулының көшірмесі жүргізушіге табыс етілген немесе алынған күннен бастап есептеледі. Сондықтан жүргізушілерге күмән туындаған жағдайда шағымды кешіктірмей берген жөн.

50 пайыздық жеңілдікке қатысты маңызды ескерту

Көптеген жүргізуші айыппұлды жеті күн ішінде төлеп, 50 пайыздық жеңілдікті пайдалануға тырысады. Алайда мемлекеттік органдардың түсіндіруінше, мұндай жеңілдік құқық бұзушылықты мойындаған жағдайда ғана беріледі. Яғни жеңілдікпен төлем жасаған адам кейін сол айыппұлға шағымдана алмайды.

Сондықтан камера қателесті деп есептесеңіз, алдымен фото мен бейнематериалдарды қарап, қажет болса шағым түсіріп, содан кейін ғана төлеу туралы шешім қабылдаған дұрыс.

Сондай-ақ SMS-хабарлама айыппұлдың ресми түрде табыс етілгенін білдірмейді. Ол тек ақпараттық хабарлама саналады. Ал 50 пайыздық жеңілдік мерзімі айыппұл төлеу туралы нұсқама заң талаптарына сәйкес табыс етілгеннен кейін ғана есептеле бастайды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button