Жаңалықтар
6 ай комада жатқан сарбаз Ербаян Мұхтар Еуропаға емделуге аттанады
Фото: ашық дереккөз
Ербаян Мұхтар алдағы уақытта Еуропаға емделуге аттанады. Бұл туралы qandastar.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Ербаянның ата-анасы Астанада өткен брифингте әзірге Германиядағы клиниканы таңдап жатқанын айтты. Емдеуге шамамен 230 миллион теңге жиналды, бұл ақша оңалтудың алғашқы үш айына жетеді.
Сондай-ақ брифингте сарбаздың алдын ала диагнозы жарияланды. Оған «ми жарақаты, бас сүйегінің түбінен ауыр ашық бассүйек-ми жарақатынан кейінгі жағдай, флебит және тромбофлебиттен кейінгі жағдай» диагнозы қойылды.
Флебит – венозды тамырлардың қабынуы, ал тромбофлебит – қан ұйығаннан венозды қабырғаның қабынуы.
Әкесінің айтуынша, Ербаянның жағдайы тәуір болып қалды.
«Жағдайы бірақ жақсарып қалды. 3 жасар қарындасымен «су-ли-фа ойнайды. Кешке бірдеңе ойлап табады, оны қолмен, көзбен түсіндіреді. Бәріміз әңгімелесеміз», – деді ол.
Ербаянды емдейтін дәрігерлер ата-анасына оның аяғынан тұру ықтималдығы 80-85% деп сендірді.
Ата-ана мен қорғаушы Инга Иманбай әділ тергеуді талап етіп, сарбаздың құлаған сәтінің видеосын көрсетуді сұрады.
Айта кетейік, Ербаян Мұхтар Ұлттық ұланның Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген. 2023 жылдың желтоқсанында сарбаз ми жарақатын алып, содан кейін комаға түскен. Әскерилер туыстарына Ербаянның дәретханада құлап, басын еденге соғып алғанын айтқан. Алайда сарбаздың жақындары ұлдарының абайсызда құлап қалғанына сенбейді. Ішкі істер министрлігі тергеу барысын өз бақылауына алды.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтар 6 айдан астам комада жатқан сарбаз Ербаян Мұхтарға 140 миллион теңге жинап берген еді.