
АҚШ президенті Дональд Трамп португалиялық футбол жұлдызы Криштиану Роналдумен футбол ойнап жатқан бейнеролик жариялап, әлеуметтік желілерде үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды qandastar.kz Tengri Sport басылымына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілердегі Дональд Трамптың парақшаларында Ақ үйдің Овал кабинетінде АҚШ көшбасшысы мен Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубының шабуылшысы, Португалия құрамасының жұлдыздызды ойыншысы Криштиану Роналду футбол ойнап жүргені көрсетілген видео пайда болды.

Алайда, бейнеролик нейрожелінің көмегімен жасалған болып шықты. Соған қарамастан, ол желіде аса танымалдылыққа ие болды. Материал жарияланған сәттен бері бұл видео 60 миллионнан астам қаралым жинап, желі қолданушыларынан сансыз күлкілі пікірлер жинаған.
«Роналду – тамаша жігіт. Ақ үйдегі кездесуден ерекше әсер алдым. Өте ақылды әрі керемет адам», – деп жазды Трамп.
Криштиану Роналду да роликке назар аударып, өз парақшасында эмодзи қалдырды. Бұл қадам да жанкүйерлерін ерекше қуантты.
Айта кетейік, Криштиану Роналду сүйіктісі Джорджина Родригеспен бірге АҚШ президентінің резиденциясы – Ақ үйге барған еді. Олар Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Салманның ресми сапарына орай ұйымдастырылған салтанатты кештің арнайы қонақтары болды.



