
Алматы қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті заңсыз инвестициялық қызмет саласындағы ауқымды алаяқтық дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Тергеу мәліметінше, 2013-2021 жылдар аралығында күдікті «Partners & Consultants» атауымен ұсынылған «Өмірді сақтандыру» жобасын іске қосып, азаматтарды өмірді сақтандыру және жинақтаушы сақтандыру салымдарына инвестиция салуға үгіттеген.
Ол салымшыларды өзіне бағынысты ұйымдардың — «Evroasia Global Investment» АҚ және «Evropa Investment» ЖШС есепшоттарына қаражат аударуға көндіріп, жылына 12%-ға дейін тұрақты табысқа кепілдік берген.
Жобаның «сенімділігін» арттыру үшін іс жүзінде мүлде болмаған халықаралық сақтандыру бағдарламалары мен жалған сертификаттарға сілтемелер пайдаланылған.
Қаражаттар тек қолма-қолсыз жолмен қабылданып, азаматтарға ұзақ мерзімді депозиттер мен инвестициялық міндеттемелер бар деген әсер қалдыратын жалған құжаттар таратылған.
Нәтижесінде 270 азамат жәбірленуші деп танылған.
Келтірілген шығын көлемі 620 млн теңгеден астам.
Тергеу барысында алынған ақшаның жылжымайтын мүлік пен көлік сатып алуға жұмсалғаны анықталып, барлық мүлікке шектеу қойылды.
Күдікті қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.



