Жаңалықтар
650 қазақстандық Ресей түрмесінде жазасын өтеп жүр
Фото: ашық дереккөз
Бұл туралы Бас Прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Мәжіліс кулуарында айтты, деп хабарлайды qandastar.kz atamekenbusiness_qaz сілтеме жасап.
«Біздің 900 отандасымыз жазасын шетелде өтеп жатыр. Олардың басым бөлігі, яғни шамамен 650 адам Ресейде.
1000-ға жуық шетелдік еліміздің түрмелерінде отыр. Олардың дені Өзбекстан азаматтары.
Өкінішке қарай, біздің жастар оңай ақша табамыз деп шетелге барып, ұрынып қалу, келеңсіз жағдайға түсіп қалу оқиғалары өте көп. Әсіресе, есірткі тасымалдауға байланысты мәселелер бар. Шетел түрмесінде жазаны өтеу қиын, себебі тілдік кедергі бар. Ол қарапайым нәрсені де сұрай алмайды. Кейбір елдерде «мәжбүрлі еңбек» деген ұғым бар. Адам жұмыс істемеген жағдайда оған тамақ берілмейді», – деді Қойгелдиев.
Айтуынша, шетелде жүргенде барған елдің ережелерін сақтау қажет.
«Соңғы 5 жылда Қазақстанға 160 сотталған отандасымызды қайтардық, 190 шетелдікті өз елдеріне жібердік. Осы жылдың 9 айында жазасын өтеп жатқан 24 азаматымызды елге қайтардық», – деді Бас Прокурордың орынбасары.