
Түркістан облысында құны 100,8 млн теңге болатын 7 минуттық бейнероликке жасалған келісімшарт қоғамда резонанс тудырып, аймақ басшылығы ресми тексеріс бастады. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады, деп жазады qandastar.kz сайты ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, Түркістан облысы мәдениет басқармасына қарасты «Ұлы Дала Елі» орталығы 100 млн теңгеге тікелей шарт жасасу арқылы «G7 Exlusive» ЖШС-не 3-7 минуттық тарихи бейнероликке тапсырыс берген.
Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Қөшеров аталған келісімшартқа қатысты барлық процесті – конкурстың өткізілу тәртібін, рәсімдердің заңға сәйкестігін және бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын толық зерттеуді тапсырды.
«Әкім Нұралхан Қөшеров көрсетілген келісімшартқа байланысты барлық жағдайды жан-жақты тексеруді тапсырды. Оның ішінде мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің сақталуы мен бюджет қаражатының тиімділігі де назарға алынады», – делінген хабарламада.
Дау туғызған бейнероликке қатысты Түркістан облысы мәдениет басқармасы ресми түсініктеме жариялады. Ведомствоның мәліметінше, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы аталған жобаны сатып алуды ашық конкурс тәсілімен ұйымдастырып, 2025 жылғы 25 маусым мен 2 шілде аралығында өтінім қабылдаған. Нәтижесінде конкурсқа қатысуға бірде-бір әлеуетті қатысушы жіберілмеуіне байланысты 8 шілде күні өтпеген деп танылған. «Ақпараттық жүйелерді контентті толтыру және модераторлау қызметтерін» екінші рет ашық конкурс тәсілімен 2025 жылғы 21-28 тамыз аралығында өтінімдерді қабылдай отырып өткізіліп, 29 қыркүйекте конкурсқа қатысуға бір әлеуетті қатысушы жіберілуіне байланысты өтпеді деп есептелді.
Аталған жобаны үшінші рет ашық конкурс тәсілімен сатып алу үшін 2025 жылғы 8-14 қазан аралығында өтінімдер қабылданған. Қорытындылар туралы хаттамаға сәйкес конкурсқа қатысуға бір әлеуетті қатысушы жіберілуіне байланысты 17 қазанда өтпеген деп танылды.
«Осыған орай, 3 рет ашық конкурсқа жіберіліп өтпегенін ескере отырып және бөлінген қаржыны тиімді әрі уақытылы игеру мақсатында аталған жобаны ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 16-бабы 3-тармағына сәйкес бір көзден алу тәсілімен 2025 жылғы 28 қарашада қосымша құн салығын қоса алғанда 100 800 000 теңгеге келісімшарт жасалынды. Тапсырыс беруші – Түркістан облысы мәдениет басқармасына қарасты «Ұлы Дала Елі орталығы». Орындалу мерзімі 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін», – делінген облыстық мәдениет басқармасы ұсынған ақпаратта.



